Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне қосымша 23 өнім енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін кеңейту негізі
Инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі соңғы кеңес барысында азық-түлік себетіне талдау жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін кеңейту мүмкіндігі қарастырылды. Қарашаның үшінші аптасында елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы өзгеріссіз қалды.
Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясына ең көп үлес қосқан өнімдер қатарында қызанақ, тартылған ет, сүйексіз сиыр еті, сүйекті жылқы еті, қияр, балық, банан және басқа да тауарлар бар. Сонымен бірге, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.
Кеңейтілген тізім мен талдау
«Барлық өңірдегі азық-түлік инфляциясына талдау нәтижесінде баға өсіміне ең көп ықпал еткен, алайда қазіргі тізімге кірмейтін 30 тауар анықталды. Олардың ішінде түрлі ет, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, банан, қызанақ, қияр және басқа да азық-түлік өнімдері бар. Осы тізімнің ішінен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосуға болатын 23 позиция іріктелді. Ендігі міндет – бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылау», – деді Айжан Бижанова.
Кәсіпкерлікке қойылатын талаптар
Тізім кеңейген жағдайда кәсіпкерлерге келесі міндеттемелер қойылады: мәмілелер ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы шығару және заңнамада белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.
Кеңес қорытындысы бойынша, Сауда және интеграция министрлігіне бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен және «Атамекен» ҰКП-мен әрбір ұсынылған позицияны жеке талқылау, сондай-ақ импорт құрылымына қосымша талдау жүргізу тапсырылды. Түпкілікті шешім тек осы консультациялар аяқталғаннан кейін қабылданады.
Фото: Nur.kz
