Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы, белгілі спортшы Андрей Морев 52 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы ақпаратты Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі растады.
Андрей Валерьевич өзінің футболдық мансабында еліміздің бірнеше клубтарының намысын қорғаған. Ол «Жеңіс», «Оқжетпес», «Тобыл» және «Ақтөбе» командаларында ойнап, кәсіби деңгейде өзін жоғары қырынан көрсетті. «Ақтөбе» сапында өнер көрсеткен жылдары Морев екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ел Кубогын жеңіп алған.
2005 жылы ол Қазақстанның ең үздік қақпашысы ретінде танылған болатын. Ұлттық құрама жейдесімен екі ресми кездесуге қатысып, алғашқы матчында Түркия құрамасына қарсы ойында пенальти соққысын қайтарып, ерекше шеберлігімен көзге түскен.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның отбасы мен жақындарына терең қайғырып көңіл айтты:
«Андрей Валерьевич Моревтің есімі мен еңбегі отандық футбол тарихында мәңгі қалады. Ол туралы жарқын естелік оның әріптестері мен жанкүйерлерінің жүрегінде сақталады», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін, 16 қазан күні 19 жастағы жас футболшы Диас Төлеудің қазасы жайлы хабарланған болатын.
Дереккөз:
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі
Фото: Nur.kz
