Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда балалар TikTok немесе Instagram сияқты платформаларға 5–6 жастан бастап-ақ еш кедергісіз тіркеле алады. Бұл үшін ата-анасының рұқсаты да, жеке тұлғаны растау рәсімі де талап етілмейді.
“Нәтижесінде бала кез келген контентке толық қол жеткізеді. Ал көптеген мемлекеттерде мұндайға заң жүзінде шектеу бар. Мәселен, Дания мен Австралияда әлеуметтік желіге тіркелу жасы — 15–16 жас, ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда ата-ананың расталған келісімі қажет”, — деді депутат.
Осыған байланысты ол Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктерінің бұл бағыттағы ұстанымдарын сұрады.
Сондай-ақ депутат мектептерде смартфон қолдану мәселесін де көтерді.
“Англия, Нидерланд және өзге де көптеген елдерде мектеп қабырғасында телефон пайдалануға ресми түрде тыйым салынған. Қазақстандағы кейбір білім ордалары — NIS, БИЛ, Дарын сияқты мектептер де сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу енгізіп, оң нәтиже көрсетіп отыр. Балалар сабаққа көбірек көңіл бөледі, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасайды. Ал басқа мектептерде жағдай басқа: мұғалімдер дау-дамайдан қорқып, оқушылар сабақ үстінде TikTok-та отыра береді”, — деді Аймағамбетов.
Бұл сұрақтарға жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің орынбасары Дмитрий Мун ведомствоның басты мақсаты — гаджеттерге тыйым салу емес, оларды сауатты қолдануды үйрету екенін атап өтті.
“Кейбір мазмұн түрлері шектелгенімен, бұл балалардың дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Біз технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз”, — деді ол.
Сонымен қатар, Мунның айтуынша, Цифрлық кодекс жобасында мектептерде телефон қолдануға толық тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
“Біздің ұстанымымыз — балаларды технологиялардан алшақтату емес, керісінше, оларды заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні дұрыс пайдалана білуге үйрету”, — деп түйіндеді министр орынбасары.
