АТА-АНАМА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Қазіргі кезде жанды дауыста гитара немесе фортепиано аспабымен орындалатын әндер сұранысқа ие. Ырғағы көңілді, сөзі жаттауға ықшамды әндерді өзім қатарлас жас буын ерекше жақсы көреді. Адамдар демалатын көпшілік орындар мен саябақтарда ән шырқап тұратын жастардың қатары да біртіндеп көбеюде. Бұрынырақта мұндай көріністерді тек шетелдік кинолардан ғана көретін едік. Америкалық қайсыбір фильмдердегі музыка құмар кейіпкерлер аспабын құшақтап көше бойлай ән салып, өткен-кеткен халықтың көңілін бір көтеріп тастайтын сәттер өзіме ерекше ұнайтын. Біреулерге бұл көше өнері боп көрінсе, ал енді біреулер мұның бәрін қалта қампитудың қамы деп ұғады. Алайда мен жұрт айтқан пікірлердің біреуіне де келіспеймін. Көшеде өнер көрсетіп, бүгінде атағы жер жаратын алып сахналарды бағындырып жүрген талатты әншілер қаншама?! Талай жастың кумиріне айналған Джастин Бибер, әйгілі француз әншісі ZAZ және менің сүйікті орындаушым, лирикалық әндердің ханзадасы Эд Ширанның өзі шығармашылық жолын көшеде ән салумен бастапты.
Мұның бәрін неге айтып отыр дейтін шығарсыз, өйткені бүгінгі кейіпкерім өзінің көшеде ән салып тұрған видеосын әлеуметтік желіге жүктемесе, бұл мақалам да болмас еді. Shyn лақапатымен танылған жас әнші Шыңғыс Белгібаевтің Инстаграм желісіндегі әдемі де ерекше Париж көшелерін бойлай гитарамен ән шырқаған видеосын көргенде одан тезірек сұқбат алғым келді. Бүгінде Норвегияның Берген қаласында білім алып жатқан жас дарынның арманы асқақ, мақсаты биік. Ал ендігі сөзді кез-келген нәрсеге позитивпен қарайтын кейіпкеріміздің өзі жалғасын.
— Жасым 21-де.Туған жерім Алматы қаласы.Осыған дейін Чайковский атындағы музыкалық колледжде тәлім алдым. Менің өнер жолын таңдауыма басты себеп болған, ол, әрине ата-анам. Ата-анам музыкаға деген құрметі ерекше еді. Біздің үйге қонақтап келгендер ең бірінші боп әр түрлі аспаптармен орындалып жатқан сазды әуендерді еститін. Сол үшін анам мен әкем менің шығармашылыққа жақын боп өсуімді қатты қалаған екен. Олардың мені сегіз жасымда скрипка сыныбына апарғаны есімде. Алғашында маған скрипка аспабы мүлдем ұнамайтын. Бір жағынан скрипкада ойнау маған біраз еңбектенуді, көбірек жаттығуды талап етті. Уақытымның көп бөлігін білім алып, сабақ оқумен қатар, скрипкамен танысып, «достасумен» өтетін. Өзім қатарлас балалар аулада асыр салып ойнап жүрсе, мен оларға терезеден қызыға қарайтынмын. Кейіннен аспапқа да, музыка өнеріне де қызығушылығым ояна бастады. Тіпті, музыканы жақсы көріп кеттім десем де болады. Бағытымды айқындап, өнерге баулыған ата-анама шексіз ризамын. Ал музыкаға деген нағыз махаббатым колледж қабырғасында басталды. Сол кезде достарыммен бірлесіп, Are-U атты топ құрғанбыз. Топ құрамындағы әріптес достарым да, мен де не қалайтынымызды, неге қол жеткізгіміз келетінін өте жақсы білдік. Мен альт, скрипка, фортепиано, гитара аспаптарында еркін ойлай алатынмын. Бұның бәрі маған топ құрамына мүше болуға зор көмегін тигізді. Are-U-дің құрамында болған уақытта достарыммен бірге талай жақсы сәттердің куәгері болдық. Өнер жолындағы алғашқы қадаммын саналатын сол кездерді бәрінен артық бағалаймын десем артық айтқаным болмас.
Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Норвегияның Берген қаласындағы Грига атты музыкалық академияда аспапта орындау факультетінде мобильдік ауысым бағдарламасы бойынша білім алып жатырмын. Оқу бағдарламасы ағылшын тілінде өтеді. Жаңа ортаға келгелі бері тілге қатысты бірде-бір кедергіге тап болмадым. Мұны ағылшын тілін жақсы меңгергенімнің арқасы деп те ойлаймын. Курстас достарымның көбі әлемнің әр бұрышынан жиналған, бірі Франциядан болса, ал енді бірі АҚШ-тан келген. Курстастарыммен қай елдің азаматы екеніне қарамастан жақсы араласамын. Олармен өнер, шығармашылық жайында әңгіме өрбітіп, пікір алмасқан ерекше ұнайды. Оқудан кейінгі бос уақытымды студияда өткіземін. Курстастарыммен, достарыммен және музыканттармен бірлесіп студияда ән жазамын.
Норвегиядағы, дәлірек айтқанда Еуропадағы білім беру жүйесі біздің елмен салыстырғанда сәл өзгерек. 4-5 күнге созылатын қысқа мерзімді демалыстар болып тұрады. Ал мен сол уақытты саяхаттауға, ер аралап, жер көруге арнаймын. Осыған дейін екі рет Парижде және Амстердамда болғанмын. Бәрінен бұрын Париж қатты ұнады. Еуропаның әлемге әйгілі керемет жерлерін көріп, тарихи орындар мен мұражайларға бару кімге ұнамасын? Әдетте саяхаттау үшін шәкірт ақымды жұмсаймын.
Жеке шығармашылыққа бетбұрысты қазірден бастап кеттім. Осы жылдың жиырма сегізінші ақпанында жеке инстаконцертімді бердім. Инстаграм желісі арқылы өткен концертте он шақты ән шырқадым. Оның төртеуі жеке авторлық әнім. Инстаконцертті өткізгенге дейін біраз қобалжыдым. Соған қарамастан алғашқы шығармашылық қадамым жанкүйерлеріме ұнады деген ойдамын. Әлеуметтік желіде оқырмандарымның көңілінен шыққан «Білем, білем..» атты авторлық әнімнің тыңдарманға жету жолының өзі қызық. Бұл әнді осыдан осыдан екі-үш жыл бұрын жазған едім. Бірақ ән жазылған соң, орындалмай, ұмыт боп кеткен еді. Парижге саяхатымның бірінде көз тартарлық қалаға, Эйфель мұнарасы мен оны бойлай аққан өзенге қызыға қарап тұрғаным сол еді осыдан бірер жыл бұрын ұмытылып кеткен әннің сөздері санама еріксіз орала бастады. Қолыма дереу гитарамды алып, әнді қайта орындап шықтым. Кейіннен әнді орындаған видеоны инстаграмға жүктегенім, сол-ақ еді мақтау айтып әннің сөзін сұрап жатқандар да көп болды. Бұйырса, авторлық әндерімді жақында жарық көрер кішігірім альбомыма енгізу жоспарда бар. Ал альбомның жұмысына Қазақстанға оралған соң түпкілікті кіріспекпін. Ойымда жүзеге асырамын деген бірқатар жобаларым бар. Халқымыз «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дептекке айтпаған ғой. Қанша қиын болса да армандарымнан бас тартпақ емеспін. Бағытымнан таймай, көздеген мақсаттарыма жеткім келеді.
P. S: Бүгінгі кейіпкерім Шыңғыс сөз арасында отбасын, достарын, туған елін қатты сағынғанын айтты. «Емтихан, сынақтарды сәтті аяқтап, жаз шыға салысымен елге тезірек қайтқым келеді» дейді шет ел асқан талапты жас. Өнерсүйер қауымға Shyn деп танылған жас әншіге «ешқашан ерекше болмысыңнан айрылмай, тек биік шыңдарды ғана бағындыра бер» демекпін.

Аяжан Ғаппар, «Ұланның» жас тілшісі

Related posts

СТАМБҰЛДАҒЫ “АТЛАС” КИНОТЕАТРЫ МЕН КИНЕМАТОГРАФ МУЗЕЙІ   

ttjk

Астанада жастар Ұлттық киім күніне орай арнайы челлендж бастады

ttjk

АЛМАТЫДАҒЫ ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІНІҢ АПТАЛЫҒЫ

editor