Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінің құлауы салдарынан зардап шеккендердің жағдайына қатысты жаңа деректер жарияланды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, оқиға кезінде адамдарды құтқаруға ұмтылған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, 8 қараша күні тұрғын үй кешенінің сыртқы қабырғасындағы кірпіш қаптамасы мен кондиционер құрылғыларының бір бөлігі опырылып түскен. Нәтижесінде бес адам зардап шегіп, барлығы №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген.
“9 қарашадағы жағдай бойынша екі науқас жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қалған үш адам бейінді бөлімшелерде жатыр. Зардап шеккендердің екеуі – өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған фельдшерлер”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Мәліметке сүйенсек, жансақтау бөліміндегі фельдшердің жағдайы өте ауыр, ал екінші фельдшер орташа ауыр халде нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Барлық науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында, қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Сонымен қатар әкімдік әлеуметтік желілерде тараған “фельдшерлердің жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады” деген ақпараттың шындыққа сәйкес еместігін ресми түрде жоққа шығарды.
“Оқиға өндірістік жарақат ретінде тіркелді. Сонымен бірге, жарақат алу дерегі бойынша қалалық Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ал мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес тексеріс бастады”, – деді әкімдік өкілдері.
