Астанада үш жасар қыздың қазасына қатысты сот процесі басталды

Астанадағы стоматологиялық клиникалардың бірінде 3 жасар қыздың седациядан кейін ояна алмай қаза тапқанына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сот процесі 21 қарашада басталғанын «Астана» арнасы хабарлайды.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, емдеу кезінде медициналық стандарттар сақталмаған. Нәтижесінде баланың миы ісіп, жүрегі тоқтаған. Ата-ананың пікірінше, егер мамандар бірден барлық тісті емдеуге тырыспағанда, бала аман қалуы мүмкін еді. Дәрігерлер бұл емшараның қауіпсіз екенін айтқан.

Марқұмның әкесі Талғат Құмаров оқиғаны былай сипаттады:

«9-да басталған емшара түскі 2-ге дейін созылды. Жұбайым хабарласып, бала оянбай жатыр деді, жедел-жәрдем шақырылды. 40-45 минут бойы баланың есін жидырмақшы болып алғашқы көмек көрсеткен. Кейін баланың жүрегі тоқтап, миы ісіп кеткенін хабарлады.»

Тексеру барысында клиникада мерзімі өткен дәрілер мен сертификатсыз препараттардың қолданылғаны, ұзақ седация стандарттарының бұзылғаны анықталды. Сапаны бақылау департаменті мен кешенді сот сараптамасы анестезиолог пен стоматологтың қателігін көрсетті. Алайда қазіргі уақытта тек анестезиолог тергеліп жатыр, стоматолог жұмысын жалғастырып келеді, деп жазады жәбірленуші тарап. Олар барлық дәрігердің жауапқа тартылуын талап етуде.

Алғашқы сот отырысы адвокаттың келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды.

Клиника директоры Надежда Хон оқиғаға қатысты былай деп мәлімдеді:

«Іс анестезия маманына қатысты. Біз оны жұмыстан шығардық. Мен сол жерде болған жоқпын, ештеңе деп пікір білдіре алмаймын, нақты мәліметім жоқ.»

Фото: Nur.kz

Related posts

Абай облысының әкімі Шыңжаң ұйғыр өлкесінің партия комитетінің хатшысымен кездесті

Назия Жоямергенқызы

Қордың ақшасына қол салған ба?

editor

РАМАЗАН ДЕМИР: «БАЛЫКЕСИР — АЛМАТЫМЕН ЕГІЗ ҚАЛА»

Назия Жоямергенқызы