Астанада маса мен шіркейге қарсы күрес жұмыстары жүреді

Астананың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы дезинсекциялық жұмыс маусымына дайындық туралы, оның ішінде маса мен шіркейге қарсы аумақтарды өңдеу жоспарын таныстырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Биыл дезинсекциялық жұмыс алты кезеңге бөлініп жүргізіледі. Қалада қазіргі уақытта энтомологиялық мониторинг басталып кетті – бұл су қоймаларын жәндіктердің дернәсілдерін тексеру.
Ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Азат Тұрапбаев дайындық жұмысы алдын ала басталғанын айтып, қазір мамандар белсенді зерттеулер жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Қазіргі уақытта Астананың барлық аумағында энтомологиялық зерттеулер жүргізілуде. Біз су қоймаларын маса дернәсілдерінің болуына қатысты тексереміз. Жалпы, өңдеу жұмысы сәуірдің екінші жартысынан басталады. Күніне шамамен 110-120 дезинсектор жұмылдырылатын болады», – деді ол.


Алты кезеңнің әрқайсысы бірнеше сатыдан тұрады: алдымен су қоймалары өңделеді, кейін – қаланың ашық аумақтары. Бұл жұмыс орталықтан басталып, қала шетіне қарай таралады.
«Астаналық дезинфекция» ЖШС-нің атқарушы директоры Алтынбек Мертасов бүгінгі таңда негізгі дайындық жұмысы толық аяқталғанын және мамандар жұмысына кіріскенін айтты.
«2 сәуірден бастап біз шағын су қоймалары мен батпақты жерлерге энтомологиялық мониторинг жүргізуді бастадық. Ғылыми топ тексеруге шықты. Қазір дайындық шаралары аяқталуда: техника, жабдықтар және персонал толық дайын. Су қоймаларынан екінші-үшінші кезеңдегі дернәсілдер табылғаннан кейін өңдеуге кірісеміз. Кейін ашық аумақтарға – саябақтарға, гүлзарларға, тұрғын үй алаптары мен жолдарға өтеміз», – деді Алтынбек Мертасов.


Іс-шара барысында қолданылатын техникалар да көрсетілді. Оларға моторлы арқалық бүріккіштер, ыстық тұман генераторлары, дезинсекциялық машиналар, қайықпен өңдеуге арналған жабдықтар және агродрондар кіреді.
Мамандар өңдеу кезінде адамдар мен жануарларға қауіпсіз, жұмсақ препараттар қолданылатынын, ал су қоймалары үшін экожүйеге зиян келтірмейтін биологиялық құралдар пайдаланылатынын атап өтті.

Related posts

Семей қаласында Ұлттық домбыра күні аталып өтілді

Назия Жоямергенқызы

ӘЛЕМДІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ СЕКТОРЫ СТАМБҰЛДА БАС ҚОСАДЫ

ttjk

Ұлттық банк үндеу жасады

editor