Елордада көлік иелері үшін ақылы тұрақ жүйесіне жаңа ереже енгізілмек. Жаңа тәртіпке сәйкес, енді жүргізушілер автотұрақта бірнеше минут қана тұрса да, толық бір сағаттың ақысын төлемейді. Яғни төлем нақты тұрақта тұрған уақытқа сай есептелетін болады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қазіргі таңда бұл жаңашылдық әлі ресми күшіне енген жоқ. Себебі қаладағы автотұрақтарды басқарып отырған жеке компаниямен жасалған келісімшарттың мерзімі әлі аяқталмаған. Тек сол келісім толық тоқтатылғаннан кейін ғана минуттық төлем жүйесі ресми түрде енгізілмек.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе автокөлік жүргізушілері үшін әлдеқайда тиімді болмақ. Әкімдік қазір тиісті заңнамалық өзгерістерді рәсімдеп, техникалық дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар алдағы уақытта тұрақтарға бейнебақылау камералары мен көлік нөмірін автоматты түрде танитын заманауи құрылғылар орнату жоспарланып отыр.
«Жабық автотұрақтарда алғашқы 15 минут тегін болады. Бұл – жолаушыны күтіп алу немесе қысқа уақытқа кіру үшін ыңғайлы мүмкіндік. Ал егер көлік тұрақта 15 минуттан артық тұрса, төлем сағатына 300 теңге көлемінде алынады. Ал ашық, яғни көше бойындағы тұрақтар үшін тариф өзгеріссіз қалады – бұрынғыдай сағатына 100 теңге мөлшерінде сақталады», – дейді Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы директорының орынбасары Руслан Өмірбекұлы.
Жаңа төлем жүйесі енгізілгеннен кейін қала тұрғындары мен қонақтары автотұрақ қызметін әлдеқайда әділ әрі ыңғайлы форматта пайдалана алады деп күтілуде.