ҚАНДАЙ БАНКТЕН НЕСИЕ АЛҒАН ЖӨН?

«Еркін сөз»-2019 шығармашылық байқауында «Сайттағы үздік мақала» номинациясы бойынша 1-орын алған Айша Кеңесбайдың «Қандай банктен несие алған жөн?» материалы (www.kazislam.kz).

ҚАНДАЙ БАНКТЕН НЕСИЕ АЛҒАН ЖӨН?
Еліміздегі әлеуметтік желілердің бірінде танымал діни ғалымның классикалық банк қызметіне ризашылығын білдірген шағын постының асты әп-сәтте қызу пікірталасқа айналды. Белгілі бір топ «банк – харам» , «неге банктерді мақтап, қолдайсыз, мұсылман емессіз бе?», «сіз қалай ислам туралы әңгіме айтасыз осыдан кейін» деген секілді «наразылықтар» қарша борады. Сондай-ақ «бүгінде кез келген қаржылық қызмет, тіпті коммуналдық төлемақы, салықтар, т.б. қызметтер банктер арқылы жүзеге асады, ең арғысы жеке қауіпсіздік үшін қалтаға ақша салып жүруден банк карточкасында сақтаған әлдеқайда тиімді» деген екінші топтың пікірлерін де місе тұтпағандар болды. Сонда қазіргі жаһандық кезеңде халық арасында қарапайым қаржы жүйесіне қатысты сауатсыздықтың басым екені айқын байқалған еді…
Тұрғындардың дені мұсылмандар саналатын елімізде қаржыға қатысты шариғи сауаттылықты айтпағанда, қарапайым қағидаларды ескермеу тұтынушылардың өздерін ғана емес, банктерді де тығырыққа тірейтіні белгілі. Себебі банктердегі түрлі несие, субсидиялар, т.б. қаржыларды алатын кезде «майшелпек» ретінде қарап, қайтаратын кезде «форс мажорлардың» ығында кету ел арасында жиілеп барады. Енді осыларға нақты тоқталсақ…
Несие – пайдалы ма, зиян ба?
Несие харам ба? Қатты зәру болса, қалай болмақ? Несие болмаса, ешкім қарыз бермейді… Несие төңірегіндегі сауалдар мен сылтауларды тізе берсек, аз емес. Несие қазіргі қоғамның бір тақырыбы ғана емес, әлеуметтік көрсеткішке айналғаны да рас. Ал ежелден ислам дінін ұстанған халық арасында «несие – харам» дегенді ұстанатын шағын «діндар» топ болғанымен, жалпы халыққа бұл қағиданы айту дін қызметкерлері үшін де оңайға соқпауда. Себебі қазір елімізде банктен несие алмаған отбасылар кемде-кем. Орта есеппен әр қазақстандыққа шаққанда 900 мың теңгеден артық несиеден келеді екен. Бұл оның пайыздық үстемақыларын есептемегенде, 100 мың теңгелік айлығы бар маманның бір жылға жуық еңбекақысына тең келетін қаржы. Ұлттық болмысымызда «қарыз, кісі ақысы» дегенге өте сақ ел үшін бұл қайдан пайда болған «қамыт»?
Елімізде филиалы жаңадан ашылған «Wiseway» психологиялық орталығының директоры психолог Жазира Әріпжанқызының: «Үнемі қарызда жүру, несиені тұрақты төлеу жөніндегі талап, борышкерлік түсінік адамды бейсаналы түрде құлдық санаға итермелейді. Бұл сананы түпкісана негізінде бодандыққа бұғаттап, адамдардың тәуелсіз түйсігін қалыптастыруға кедергі болады»,-деген несиенің адам санасы арқылы тіршілігіне зардабы жайлы тәжірибелік тұжырымдамасы еріксіз ойға жетелейді.
Ал «несие» үлестіру елімізде 2000 жылдардан басталғаны белгілі. Батыстық банктерден шетел валюталары «несие» деген желеумен ағылып, ол ел нарығында жылжымайтын мүлектерге «ипотека» түренді беріле бастады. Халық несиеге үй алуға болатынынан хабардар болған сайын баспаналардың нарықтағы бағасы өлшеусіз шарықтай бастады. «Пәтерақыны біреудің қалтасына төлегенше, өз баспанамызға салған тиімді» деген ұстаныммен пәтер алуға ұмтылғандар саны артты. Ебін тапқандар бірнеше пәтерден алып, тіпті «несиені» нағыз «қазына» көргендер өз баспаналарын отбасы мүшелері арасында банк арқылы саудалап, несиені басқа мақсатта пайдаланушылар да бой көтерді. Несие беру динамикасы елімізде 2005-2009 жылдар аралығында қарқынды өскен, әсіресе 2005-2007 жылдар аралығында: 2005 жыл – 2 592 млрд.теңге, 2006 жыл – 4 691 млрд. теңге, 2007 жылы – 7 258 млрд. теңге [1]. Америка Құрама Штаттарындағы ипотека саласындағы тоқырау салдарынан қазақстандық банктерге халықаралық несиелер берілу саябырсығанымен, елде несие беру көтерілген бигінінен түскен жоқ. Себебі 2008 жылы – 7 460 млрд. теңге, 2009 жылы – 7 644 млрд. теңге несие берілген [1]. Бұлардың барлығында борышкерлер орта есеппен 20 жылға банктерге қарызға кірді деген сөз. Өйткені елімізде жылжымайтын мүліктерге қатысты несиелердің көбі орташа 20 жылға 15,15% -15,44 % өсіммен берілген. Себебі мерзімі қысқарған сайын ай сайын төлейтін өтемақы мөлшері көп болатындықтан, тұтынушылар ұзақ мерзімге бел буады.
Алайда 2009 жылғы теңге құнсыздануынан кейін (девальвация) елде құрылыс жұмыстары салданып, ел арасында алған несиелерін қайтаруға деген құлықсыздық пайда болды. Біреуі шынайы төлей алмаса, енді бірі құны қайтатадан түсе бастаған жылжымайтын мүлік үшін ұзақ жылдар шетел валютасында қарызын қайтруды қиынсынды, т.б. Бұл ірі банкттердің жер сипап қалуына жол ашты. Есесіне, ел ішінде кепілсіз тұтынушылық несие беру белең ала бастады. «Ашыққаннан құныққан жаман» демекші, тұтынушылар түрлі тұрмыстық техникалық бұйымдар, тіпті қымбат иіссу, киім-кешек, көліктің дөңгелегіне дейін «тегін» алғандай банкке бөліп төлеу арқылы қарызға кіре бастады. Ал ел арасында несиеге той-томалақ жасау түк болмай қалды. Тіпті кейін ыстық-суығы басылып, шаңырақ көтерген жастар ажырасып, артында «мұраға» банк несиелері қалған жағдайлар баршылық.
Бір сөзбен айтқанда, несие бүгінгі қоғамымызда «ұлттық идея» деңгейіне жетті. Ал несиенің шариғи тұрғыдан «харам» екенін ескертемін деген діндарлар жұртшылықтан «таяқ» та жеп жатты. Себебі бұл банкке бұғауланып, маңдай терімен тапқанын несиені пайыздық өсімдерімен қайтарамын деп қарызға батқан борышкерлер үшін «Жығылғанға жұдырықтай» жанды жеріне әсер еттті. «Болмысты тұрмыс билейдінің» керімен несие халықтың әлеуметтік жағдайының айқын көрсеткішіне айналды. Халықтың табысы қарапайым тұтыну заттарын емін-еркін алуға жетпегендіктен, түрлі маркетингтік айла-тәсілдердің арбауына түскендер үшін «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деген қағида ескірді. Мұндайда әлемдік миллиардерлердің бірі Уоррен Баффеттің «Бай болу үшін тапқан табыстан аз мөлшерде жұмсап үйрену керек. Бірақ біз қарапайым ғана осы ақиқаттан алшақтап, күнделікті түрлі кәсіби маркетологтардың ығына берілеміз» деген сөзі несиеге желіккен жұрттың құлағына да кірмейтіні рас.
Жеке тұтынушылардың несие нарығының қозғаушы күшіне айналуы қаншалықты тиімді?
Соңғы дерек бойынша, ел арасында кепілсіз тұтыну несиелерінің үлесі артқан. Бүкіл несиенің 62 % тұтынушылық несиелер үлесінде. Ал еліміздегі несиенің алғашқы «жарылысын» жасаған ипотекалық несиелердің үлесі 24 % болып, кейінгі орынға ығысқан [2]. Енді банктер үшін тұтыну несиелерін қайтармаушылардың артуына орай жаңа «бас ауру» пайда болды. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет араласып та үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымда өмірлік қиын жағдайға қалған отбасылардың несиесін кешіруге жарлық шығарып, соған сай бір жолғы тәртіппен екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілзатсыз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті Үкімет бірнеше талаптармен несиелерді төлеп беруге шешім қабылданды (толығырақ www.akorda.kz). 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдайға сай қарыз бойынша жалпы берешек 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспау керек және осы мерзімге дейінгі жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайды делінген. Бұл көмек кімдерге тиесілі және өзге де талаптар қарастырылған жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енді. Президент Қ.Тоқаев мемлекет есебінен несиелерін төлеп беру орташа есеппен 300 мың теңге қарызы бар 500 мыңдай азаматқа тікелей қатысты, 255 мың тұтынушының қарызы толықтай төленетінін де айтты [3]. Президенттің халыққа көрсеткен бұл қолдауын жұртшылық қуана қоштағанымен, әлеуметтік желілерде көпшілік тарапынан ол несиелердің не үшін алынғанын анықтау қажеттігі де жиі қозғалды. Себебі «айфон, смартфон» не болмаса туған күн, той-томалақ, яғни тұрмысы төмендігіне қарамастан несие есебінен «сәулетті» өмірге ұмтылушылар, тіпті букмекерлік секілді құмар ойындарға да банктен қаржы алуға еті үйренгендер көбейіп барады. Осының барлығы да адал мен арамды ажыратпай, банк несиесін тегін «батпан құйрық» санайтын сананың қалыптасып үлгергені ащы да болса шындық.
Қазақстан Республикасының несие нарығы еліміздегі қаржы нарығының ең ірі саласына айналғанын ескерсек, корпоративтік секторларды несиелеу баяулап, жеке тұтынушыларға қарыз беру 17 % артып (734 млрд. теңге), яғни 4259,1 млрд-тан 4993,4 млрд. теңгеге өскен. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша жеке тұлғаларды несиелеу банктердің ссудалық портфелінде 31,3 % -дан 36,3 % -ға өскен. Жеке секторда тұтынушылық несие бір жылда 18,7 % (552,9 млрд. теңге), яғни 2955,9 млрд. теңгеден 3508,8 млрд. теңгеге артқан [4]. Сарапшылардың есебінше, бұл арасалмақ өспесе, кемімек емес. Бірақ халықтың әлеуметтік ахуалы, табыс жағдайында елеулі өзгеріс болмаса, бұл болжамның да шегі бары белгілі. Сондықтан жеке тұлғаларды несиелеу банк жүйесінде негізгі қозғаушы күш болып қала беретін болса, тұтынушылар арасында несие саясаты жайлы сауаттылығын арттыру маңызды. Олай болмаса, мемлекет есебінен қарыз несилерді «төлеп беру» жобасын тұрақтандыруға тура келеді.
Еліміздегі банктер жайлы не білеміз?
Мемлекетімізде бірінші деңгейдегі банк – еліміздің орталық банкі саналатын Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Ал екінші деңгейлі банктер жайлы Forbes.kz порталында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, қазір 29 банк халыққа қызмет етеді. Банктер рейтінгіне үңілсек, 2017 жылы «Қазақстан Халық банкі» АҚ бастаған тізімде 32 банк болатын, ал бір жылдан кейінгі жалпы мәліметтерде 2018 жылғы қазан айындағы рейтинг тізіміннен 5 банк («Цеснабанк» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ, «Астана Банк» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ») есімі шеттетілген, оның бірі қызметін тоқтатып, енді бірі лицензияларынан айрылған, кейбірі бірігіп, енді бірі атауын ауыстырған. Жаңа «First Heartland Jusan Bank» банкі (брендттік атауы «Жусан банк» деп бекітілген «Цеснабанктің» жаңа есімі) 28 банк тізімінде (Оның 13-і жалпы активтердің 17,1 % құрайтын шетел капиталына тиесілі) активтер санымен Қазақстан Халық банкінен кейінгі екінші орын иемденген. Ал www.prodengi.kz сайты жүргізген биылғы 1 маусымдағы қаржы рейтінгінде 29 банктің тізімінде «Эксимбанк» № 22 орында қайтадан бой көрсеткен.
Егер несие нарығы еліміздегі қаржы нарығының ең ірі саласына айналғанын ескерсек, классикалық банктердің мақсаты тұтынушыларды барынша өздеріне тартып, қызметтерін ұсыну. Бұл да батыстан енген түсінік екенін мойындамуымыз керек. Себебі ел арасында «Батыс елдерінде барлық нәрсені кредитке алып жүре береді, үй, машина, тұрмыстық техника кез келген затты несиеге алу тиімді» деген сөзді талай рет естідік және ол біздің де тіршілігімізде көрініс тауып үлгерді. Өкінішке орай, әлемдік қаржы нарығының небәрі 1 % еншілейтін ислам банктерінің қатары да елімізде аз үлесте. Ал қарапайым ел арасында «Ислам банкингі» дегенде «тегін берілетін қаржыдай, оңай берілуі тиіс, қайтармасаң қайырымы бар» деген түсініктің бары рас. Ақиқатында елімізде 5 ислам қаржы орталығы болса, соның жеке тұтынушыларға қарай қадам жасай бастаған «Al Hilal» ислам банкінің Қазыналық департаментінің директоры Әділет Алиев: «Ислам банкингінің әлемде ең сенімді қаржы орталықтарына айналуына ислам банкттерінің кез келген тәуекелге бел бумас бұрын жіті ойланып барып қадам жасауында. Әрі ең басты ерекшелігі ислам банктері тұтынушыларды қарызға, несиеге отырғызу деген ұстанымнан мүлдем аулақ. Сондықтан біздің банктердің жеке тұлғалармен емес, ең әуелі үлкен компаниялармен жұмыс істеуі – олардың қаржылық мүмкіндіктерін болжай алуында. Ал тұтынушылық несиелер арқылы кез келген қарапайым адамды қарызға байлап қою діни тұрғыдан дұрыс емес. Сондықтан ислам банкттері қаржыны «пайда табу үшін емес, көмектесу мақсатында» беретінін ескеру керек»,-дейді. Бұл «көмек» әрине «қымбат смартфон, киім-кешек,сый-сыяпат алу керек еді» деп ислам банкіне жүгіну мүмкіндігі бар деген сөз емес.
Ал қаржыны сақтап әрі көбейтуде танымал құрал депозит жайына келсек, классикалық банктерде депозит белгілі бір мөлшерде «пайыз» арқылы тұрақты өсім ретінде белгіленсе, ислам банкіндегі депозит – бұл клиент капиталы және банк білімі мен тәжірибесіне негізделген серіктестік. Шариғат ережелері мен қағидаттарына сәйкес тұтынушы өз қаражатын банк басқаруына сеніп тапсырып, инвестор ретінде әрекет етеді. Ал банк мұқият іріктелген жобаларға инвестициялап, кейіннен пайданы тұтынушымен бөліседі. Бұл арада ислам банктерінің қаржыны «адал кәсіпке», яғни халыққа зиян тигізетін арақ-шарап, шариғатқа қайшы кәсіптерге салмайтынын да айта кету керек.
Ислам банктері классикалық банктермен бәсекелес пе?
Әлемдік қаржы нарығында небәрі 1 % құрайтын ислам банктерін классикалық банктерімен бәсекелес санау ақылға қонымсыз көрінгемінен, ислам банктерінің тұрақтылығы мен сенімге ие болуы болашаққа бағдар болары сөзсіз. Себебі XX ғасырдың екінші жартысында негізін қалаған ислам банктерінің негізгі қаржылық құралдары исламның алғашқы ғасырында қолданыла бастағаны белгілі (түрлі сауда-саттық, алыс-беріс, өсімсіз қарыз,ақша айырбас, аманат, зекет,т.б.). Ал әлемде ислам банктерінің құрылуына мұсылман елдеріндегі қоғамдық қарым-қатынас, тіршіліктің даму талаптарының себеп болуы заңды. Ал кезеңдерін айтсақ, 1)1950 жылға дейін; 2) 1950-1990 жылдар аралығы және 3) 1990 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі уақытты қамтиды. Ғалымдар Малайзиядағы 1962 жылы құрылған «Tabung Hajji» компаниясын заманымыздағы алғашқы ислам банкі деп бағалайды. Себебі әуеліде қажылық жинақ қоры болып ашылған компания мұсылмандық парызын өтеуге деп қорға ақшасын сеніп тапсырған тұтынушылар қаражатын егістік, өндіріс, бағалы қағаздар нарығына салу арқылы көбейтіп беріп отырған. Яғни ислам банкінің алғашқы қадамдары халықтың азғантай ақшасын адал кәсіппен көбейтуге негіздеген. Ал бұл тұтынушыларға пайыздық өсіммен оңай несие беріп, мерзімі өтсе айыппұлмен қоса төлеуге негізделген қаржылық жүйеге мүлдем сәйкес емес. Осындай айырмашылықтар негізінде, яғни әрбір қаржы операциясын шынайы активтермен қуаттайтын ислам банктерінің тұрақтылығы мен сенімділігі 2008-2010 жылдары әлемді дүр сілкіндірген қаржы дағдарысында айқын дәлелденді. Капиталистік жүйенің негіздері мен қағидаларына құрылған қаржы жүйесінің дағдарысқа төтеп бере алмауы батыстық қаржыгерлер мен экономистерді ойландырып қана қоймай, ислам экономикасына көңілін аудара бастады. Еуропаның кей елдері классикалық банктерде ислам терезелерін ұйымдастырып қана қоймай, ислам банктерін ашуды қолға алып, олардың қызмет жасауына қажетті заңдық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді жүзеге асырды. Қазіргі уақытта дүние жүзінің 90 елінде 700-ден астам исламдық қаржыландыру институттары қызмет етеді. Ал біздің елімізде ҚР Президенті 2009 жылы 12 ақпанда ислам банктері және өзге де исламдық қаржыландыру институттарының жұмысын реттеуге бағытталған заңға қол қойды. Осылайша Абу Дабиде 2008 жылы ашылып, аз уақытта жоғары нәтиже көрсеткен «Al Hilal» ислам банкі ҚР мен БАӘ Үкіметтерінің келісімі негізінде ТМД бойынша Қазақстанда тұңғыш Ислам банкі болып ашылды. Сондай-ақ елімізде 1991 жылы маусым айында құрылған Заман банкі ұзақ мерзімді дайындықтар нәтижесінде өз еркімен 2016 жылдың шілде айында дәстүрлі жүйеден исламдық банк жүйесіне ауысу үшін ҚР Ұлттық Банк рұқсатына ие болды. Бұл қос банк те активтер бойынша еліміздегі банктер рейтингінің 26, 28 орнында. Бұдан өзге де санаулы ислам қаржы институттарының үлесін есептесе, олар активтері алдыңғы орынды еншілейтін 20-дан астам классикалық банктермен қаншалықты бәсекелесе алмақ? Алайда әлемдік рейтингпен қарасақ, еліміздегі классикалық банктер «B» категориясында, ал бір ғана Al Hilal банкі Fitch Rating есебінде жоғары A+, ал Moody’s бойынша А2 бағасына ие. Солай бола тұрса да корпоративтік қызмет түрінен жеке тұтынушыларға соңғы уақытта ғана көңіл аудара бастаған бұл банктің ипотекалық несие шарттарына елімізде орта табысы бар кез келген адамның жағдайы келе бермейді. Ал аяқ киімі тесіліп қалса, кез келген дүкенге барып несие ұсынған банктердің қызметін оңай пайдалануға үйренген тұтынушысы басым қоғамда ислам банктері жақын уақытта тиімді қызмет түрлерін ұсынуы – өзекті. Ал «әлемдік рейтингте орнымыз жоғары, сенімді әрі тұрақты қаржы жүйесіміз, мұртымыз балта шаппас» деген қағида ұстанатын болса, одан қазақ қоғамындағы тұтынушылар қазандағы тамақтың иісін місе тұтып, классикалық қаржы жүйесінің қозғаушы күшіне айналған бағытын жалғастыра берері кәдік . Себебі «Халық Финанс» инвестициялық компаниясының банк секторының шолуы бойынша: «Ағымдағы қозғалыс баяуласа да, жеке тұлғаларды несиелеудің өсуі жоғарғы қарқынды жалғастырмақ. Бұл елеулі өсу жоғары маржиналдықпен, сұраныс және қысқа мерзімді несиелеу арқылы жүзеге асады,»-деп баға беріп отыр.
Айша Кеңесбай

Related posts

Özbekistan 17 yıl sonra tekrar Türk Konseyi Zirvesinde

ttjk

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ШҰҒЫЛ ОТЫРЫСЫ

Назия Жоямергенқызы

HALYK BANK ҚОСЫМШАСЫНДА — ANDROID СМАРТФОНДАРМЕН ТӨЛЕМ ЖАСАУ

Назия Жоямергенқызы