Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматыда өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету. Ауызсу мәселесі мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар бойынша да қолға алынған. Мысалы, Алматы қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін резервтік жүйе салу. Мемлекет басшысының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және индустриялық негізді нығайту жөніндегі тапсырмасы шеңюерінде жүзеге асырылып жатқан жобаның маңыздылығы сол, жер үсті суларына тәуелділікті азайтуға қатысты. Соңғы жылдары Алматы қаласындағы сел қаупінің жиілеуі және өзен суы лайлануының артуына байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының жоғарғы бөлігіне ауызсу беруді шектемеу үшін балама жолдарды қарастыруды тапсырған. Осыған сәйкес, Алматы қаласы 6 негізгі көзден: Үлкен және Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендерінен және Алматы мен Талғар кен орындарының жерасты су жинағышы арқылы ауызсумен қамтамасыз ету көзделді.
Жобаның арқасында Алматы тұрғындарын сумен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Талғар жерасты су жинағышынан тәулігіне 17 мың м3 көлемінде қолданыстағы желілерді қосымша толықтыруға жағдай жасалды. Жоба қуаттылығы 15 мың текше метрболатын жаңа 6 ұңғыма салуды және қуаттылықты 60 пайызға арттыра отырып, 6 сорғы стансасындағы 14 сорғыны жаңалап,толық ауыстыруды мақсат етеді.
Бұған дейін Алматыда 117 шақырым жаңа су құбыры пайдалануға беріліп, 46 шақырым құбыр жаңартылған еді. Осының арқасында Алматы қаласы тұрғындарының 99 пайыздан астамынорталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының тұрғындарын сумен қамту мәселесін шешу үшін 4 су жинағыш құрылысы мен жобасы қолға алынып, 142 шақырым инженерлік коммуникация салу және 48 шақырым желіні жөндеу жоспарланды.
Алматы қаласы әкімдігінің басты мақсаты — жаңа су құбырлары, тазарту құрылыстары мен су қоймалары арқылы ондаған мың тұрғынды ауызсумен тұрақты түрде қамтамасыз ету. Осы орайда, 2025 жылы Алматының бірнеше ауданында сумен қамтуды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. «Алматы су» коммуналдық кәсіпорнының хабарлауынша, қалада тозығы жеткен 70 шақырым су және кәріз желілерін ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ төрт сорғы стансасы жөнделіп, екі таза су қоймасы салынып, жаңартылады, 200 сорғы ауыстырылады. Бұл шаралар желінің тозуын азайтуға және үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге көмектесуі керек.
Осының нәтижесінде, қысқа мерзімде Наурызбай ауданы Ақсай өзенінде сүзу стансасының құрылысы іске асырылғаннан кейін, ал қалаға қарасты Ерменсай және Нұрлытау аудандары «Нұрлытау» су тазарту станциясы іске қосылғаннан және тарату желілері салынғаннан кейін сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінде Ерменсайда әл-Фараби даңғылынан Арайлы көшесінің бойына су құбырын тарту жұмыстарын бастап кетті. «Сұлусай» және «Мұзтау» шағынаудандарында (Каменское үстірті) сумен жабдықтау жобалары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. «Көлсай» шағынауданы орталықтандырылған су құбырына қосылды.«Таусамалы» шағынауданында (Каменка) инженерлік желілерді тарту 2025 жылы жалғасады. Мыңбаев және Тимирязев көшелерінің бойында магистральдық су құбырлары ауыстырылады – бұл 240 мың қала тұрғындарының су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Негізі алматылықтарды ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары ешқашан тоқтаған емес. Өткен жылдың өзінде Алматыда 543 шақырым жаңа желілер іске қосылды. Осының нәтижесінде қаладағы су құбырларының тозуын — 52,7 пайызға, кәрізді 51,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жаңа желілер «Самал», «Көк-Төбе», «Горный Гигант», «Алмагүл», «Орбита»ықшамаудандарын, сондай-ақ Медеу, Әуезов және Жетісу аудандарының елдімекендерін – барлығы 90 мыңнан астам тұрғынды сумен жабдықтауды жақсартуға көмектесті. Бостандық ауданына қарасты «Ерменсай» шағын ауданында ауызсу тапшылығы мәселесін шешу мақсатында реверсивті су құбырының құрылысы жүріп жатыр. «SGGroup Сапа Строй» ЖШС Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен бірлесіп, техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және апаттық-қалпына келтіру жұмыстары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба аяқталғанда Ерменсай мен көршілес тұрғын үй кешендерінің тұрғындары тәулік бойы үздіксіз сумен қамтылады. Құрылыс жұмыстары екі негізгі бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт — Әл-Фараби даңғылынан «Sakura», «Silver Hills» және «Verona» тұрғын үй кешендеріне дейінгі аралықта сорғы станциясы салынып, су құбыры мен электр желілері тартылады, жол төсемесінің негізі дайындалады. Жобаның пайдалануға берілетін мерзімі 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ауызсумен қамтамасыз етудің екінші бағыты — «Sakura» тұрғын үй кешенінен «Нұрлытау» су дайындау станциясына дейінгі аралықта құрылыс жұмыстары 2025 жылы 25 желтоқсанына дейін жалғасады. Ал жолдың үстіңгі қабатын асфальттау және көріктендіру жұмыстары 2026 жылы наурыз-сәуір айларына жоспарланған.Сонымен қатар Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында жаңадан су бұру жүйесін орнату көзделген. Құбырларды іске қосу жұмыстары осы жылдың төртінші тоқсанында жүргізіледі. Қазіргі уақытта инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, сорғы станциялары салынатын орындар нақтыланған. Бүгінде 3,3 шақырымнан астам су құбыры тартылып, тұрғын үйлерді уақытша сумен қамту үшін сорғы станциясы мен құбыр желісі орнатылып жатыр.
Бүгінде ауызсудың сапасын жақсартумен бірге тиімді тұтыну да өзекті болып отыр. Алматыда 2025-2029 жылдарға арналған суық суға қатысты жаңа тариф бекітілді. Мамандардың айтуынша, өзгеріс қала бойынша орташа жалақы мөлшерінің өсуімен, стратегиялық тауарлар құнының қымбаттауымен байланысты болған. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Әсел Бөденееваның айтуынша, «Қазір сумен жабдықтауға қатысты тариф қосымша құн салығын қоса есептегенде 151 теңгеге жуықтады. Ол бұрынғыға қарағанда 9 пайызға қымбат. Ал су бұруға қатысты көрсеткіш 93 теңге жетіп, 27 пайызға артты. Айта кету керек, 1 текше метр су шамамен 1000 литрге теңеседі. Яғни 1000 литр ауыз су үшін сіз 151 теңге төлейсіз, ал салыстырмалы түрде есептесек, дүкенде сатылатын 1 литр судың құны 232 теңге тұрады». Тарифтер тұтыну көлеміне байланысты саралап бекітіледі. Өзгеріс суды есепке алатын қондырғылары бар тұтынушыларға айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан сала қызметкерлері есептегіш жабдықтарды уақытылы орнатуға, тексертуге кеңес береді. Ал бағаның өсуіне байланысты шаһар билігінің бастамасымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да көмек беру көзделген. Нәтижесінде 140 мың алматылыққақолдау көрсетілмек.