Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мердігер ұйымдарға аванстық төлем беруді тоқтатылатынын мәлімдеді. Яғни, келісімшарт бойынша төлемдер тек нақты орындалған жұмыстың нәтижесіне қарай өтеледі.
Қала әкімі Алматыдағы күрделі нысандарды тексеру барысында бірқатар компанияның конкурстарда жеңіске жетіп, аванс алып, бірақ өзіне жүктелген жұмыстың барлығын қосалқы мердігер ұйымдарға отырғаны анықталған. Демек, ондай компаниялар жеңіп алғанжобаларды жүзеге асырмайды. Дархан Сатыбалды: «Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап көптеген компанияның конкурсқа қатысып, аванс алып, кейін жұмысты 100 пайыз қосалқы мердігерлерге тапсыратынын көрдім. Өздері басқа өңірлерде болып, нысанға іс жүзінде келмейді», – дей келе, бүгінде конкурстардың жеңімпазы Қаржы министрлігінің порталында қолданылатын рейтингтік-балдық жүйе арқылы айқындалатынын ескертті.
Әкімнің айтуынша, аталған жүйеде жеңімпаз автоматты түрде анықталады, онда адами фактор жоқ: «Компаниялар конкурстарда 30 пайыздық аванс қарастырылғанын көріп, шын мәнінде тек сол қаражат үшін ғана қатысады. Соның кесірінен жобаларды жүзеге асыру мерзімі созылып кетеді, ал тапсырыс беруші компания құрылтайшыларын басқа қалалардан іздеуге мәжбүр болады».
Жұмыс барысында жиі кездесетін келеңсіздіктерге байланысты Алматы қаласының әкімдігі аванстық төлемнен бас тарту туралы шешім қабылдады. «Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін біз нақты шешім қабылдадық: алдымен жұмыс орындалады, содан кейін ғана төлем жасалады. Аванссыз», – деді Дархан Сатыбалды.
Жаңа тәжірибе мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға, олардың жобаларға нақты қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаладағы құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстарды уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
