Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында 1962 жылы туған әйелден өлімнен кейінгі донорлық негізінде бірнеше ағза табысты түрде алынды.
Марқұмның туыстары донорлыққа келісім бергеннен кейін, медицина мамандары бірден бірнеше трансплантациялау операциясын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде бір донордың ағзалары алты адамның өмірін сақтап қалуға себеп болды.
Трансплантация нәтижесінде:
-
Жүрек – 1988 жылы туған науқасқа;
-
Бауыр – 1982 жылы туған пациентке;
-
Оң бүйрек – 1996 жылғы азаматқа;
-
Сол бүйрек – 2017 жылдан бері донор күтудегі 1966 жылғы пациентке;
-
Мөлдір қабық – 1983 және 1956 жылы туған екі науқасқа орнатылды.
Бұл күрделі әрі жауапты процестің үйлестірілуін Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы қамтамасыз етті. Жобаны Алматыдағы жетекші медициналық мекемелер – Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы, сондай-ақ Орталық қалалық клиникалық аурухана бірлесе атқарды.
Мамандар донордың жасы трансплантация сапасына әсер етпегенін және алынған ағзалардың жақсы жағдайда болғанын атап өтті.
“Бұл оқиға адамның жасына қарамастан, донорлықтың өмірді құтқарудағы шешуші рөлін тағы бір мәрте дәлелдейді. Донордың отбасының батыл шешімі мен медициналық мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында аса күрделі үрдіс жоғары деңгейде жүзеге асты. Біз донордың туыстарына шын жүректен алғыс білдіреміз”, – делінген министрлік таратқан хабарламада.
