Алматыда алғашқы қар: 17 жол апаты тіркеліп, алты адам жарақат алды

Алматыда түнде түскен алғашқы қар қала тұрғындары мен жүргізушілерге біраз қиындық тудырды. Қар жауғаннан кейінгі бірнеше сағаттың ішінде қала жолдарында ондаған жол-көлік оқиғасы орын алған.

Полиция дерегінше, 4 қараша сағат 18:00-ден 5 қараша таңғы 06:00-ге дейін Алматыда 17 жол апатытіркелген. Абырой болғанда адам өлімі болған жоқ, алайда 6 тұрғын түрлі жарақат алған.

Қалалық полиция өкілдерінің айтуынша, жол апаттарының көпшілігі қашықтықты сақтамау, жылдамдықты дұрыс таңдамау және көңілсіздік пен немқұрайлық салдарынан болған.

“Қардың алғашқы түсуі кезінде жол қозғалысы күрделене түседі. Мұндай уақытта жол беті тайғақ болып, көліктің тежеу жолы ұзартады. Соған қарамастан, кей жүргізушілер ауа райының өзгерісіне бейімделмей, бұрынғыдай жылдамдықпен жүреді. Барша тұрғындарды және жүргізушілерді аса мұқият болуға, жылдамдықты төмендетуге және кенет маневр жасамауға шақырамыз. Әрбір адам жолдағы қауіпсіздікке жауапты екенін ұмытпаған жөн,” – деді Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция қызметкерлері көлік иелеріне қысқы маусымға алдын ала дайындалуды, жүйелердің жұмысын тексеруді және жазғы шиналарды қысқы дөңгелектерге ауыстыруды ұсынды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге де жолды кесіп өту кезінде сақ болуға, жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдануға және рұқсат етілмеген жерден өтпеуге кеңес берді.

Related posts

Қолжетімді туризм: Ақмола облысында белсенділер инклюзивті туризмді қалай дамытуда?

ttjk

Үкімет 12 жастан қылмыстық жауапқа тарту ұсынысын мақұлдамады

editor

САМАРҚАНД: “АРАЛ МӘДЕНИ САММИТІ”

Назия Жоямергенқызы