Алматы: он жылдағы рекордтық көрсеткіш

Бүгінде ел экономикасының алға жылжуы инвестицияға тәуелді екенін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе нарықтық және әлемдік экономикалық жүйені жаһандандыру жағдайында инвестиция тарту объективті қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан қазір инвесторлар үшін бизнес-климаттың қолайлы аспектілеріне көп көңіл бөліне бастады. Соның ішінде әкімшілік кедергілерді азайту, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл орайда Алматы қаласында да атқарылып жатқан шаруа көп.
Күні кеше Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шаһардың экономикалық өрлеуі мен алдағы жоспары туралы баяндаған Алматы әкімі Ерболат Досаевтың сөзінен биылдың өзінде жергілікті атқарушы органның жоспары көңіл көншітерлік екенін естідік. Мәселен, осы кезеңде жоғары инвестициялық белсенділік байқалып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,8% — ға өсіп, 714,8 млрд теңгені құраған. Жеке инвестициялар 21,1%-ға өскен. Соның ішінде IT секторда, туризм, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау мен көлік инфрақұрылымындағы жүйелі жұмыстарды айрықша атап өтуге болады. Биыл қаланың экономикалық дамуы үшін 2 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Ал жалпы жыл басынан бері 32,7 мың жұмыс орны құрылса, оның 75% – ы тұрақты жұмыс орындары.
Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасында да инвестицияларды арттыру негізгі бағыттың бірі ретінде көзделген. Жобаға жергілікті атқарушы орган ерекше мән беріп келеді.
Биыл Алматы экономикасы 5,5%-ға дейін өседі деген болжам жасалып отыр. Соның ішінде мегаполисте негізгі капиталға инвестициялар қарқыны жоғары. Атап айтқанда, осы жылдың төрт айында көлік (+17,5%), құрылыс (+5,7%) және байланыс (+4,4%) қала экономикасының драйверлері болды. айта кетсек, негізгі капиталға салынған инвестициялар 4,8%-ға (390 млрд теңгеге дейін), оның ішінде жеке инвестициялар 5,8% — ға (360 млрд теңгеге дейін) артқан. Жалпы елдегі инвестицияның 90%-ы негізінен шикізат, 10%-ы өңдеу өнеркәсібін құрайды. Ал Алматы қаласы сауданың орталығы болғандықтан, бұл тұрғыдан келгенде қаланың экономикалық мүмкіндіктері жоғары.
Шаһардың экономикалық оң көрсеткіші былтыр да жақсы нәтиже көрсеткен болатын. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімі нақты мәнде 10,1% ұлғайып, 24,8 трлн. теңгеге жетті. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екенін сарапшылардың сөзінен естідік. Демек соңғы жылдарда бұл қаланың экономикалық дамуы жанданғанын білдіреді.
Экономистер де оңтүстік астанаға тартылған инвестиция халықтың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктеріне жол ашып бергенін айтады. Алматының экономикалық қала ретінде рөлі өте жоғары. Өйткені негізгі бюджеттің құраушы бөлімін беріп отырған Алматыда қызмет көрсету, сауда, тігін өндірісі, мейрамхана мен қонақүй бизнесі, IT мен білім беру салалары өте қатты дамып келеді. Айталық, Алматыдағы инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұрған бір ғана Бостандық ауданына былтыр 385 млрд теңге инвестиция тартылған. ШОБ әр бесінші субъектісі Бостандық ауданында орналасқан. Былтыр бизнестің қарқынды дамуы мен инвестиция тарту қала бюджетіне түсетін салықтың бесінші бөлігін қамтуға, сонымен қатар 14 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға да жол ашты.

Related posts

АСТАНАДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАЙҚАУЫ

Назия Жоямергенқызы

Алғашқы exit-poll қорытындысы шықты

editor

БАКЛАВА — ТҮРІК ДАСТАРҚАНЫНЫҢ СӘНІ

ttjk