Алматы облысында белгісіз тұлғалар бір жыл бұрын ауыр аурудан қайтыс болған баланың есімін пайдаланып, жалған қайырымдылық ұйымдастырған. Қара жамылып отырған ана алаяқтардың жазалануын талап етеді.
Оңласын Асылбаеваның ұлы ауыр дертпен ұзақ күрескеннен кейін бір жыл бұрын өмірден өткен. Кенже баласынан айырылып, әлі де қайғыдан ес жия алмай отырған ана жуырда тағы да ауыр соққы алғанын айтады. Бөгде адамдар марқұм Диастың атынан әлеуметтік желілерде қаржы жинауды бастап кеткен.
«18 қараша түн ортасында қызым хабарласты. ‘Мама, мына видеоны көріңізші’ деді. Қарасам, менің өмірден өткен баламның атынан жылу жинап жатыр. Бейтаныс адамдар жинақ ашып, баламның жанын қайта жаралап отырғандай болды. Таңға дейін көз ілмедім, жатсам да баламның бейнесі көз алдымнан кетпей қойды», – дейді Оңласын Асылбаева.
Он екі жасында өмірмен қоштасқан Диас ауыр дертпен үш жыл күрескен. Түркияда ем қабылдаған. Көпбалалы ана ұлының өмірге құштар болғанын, жеті рет ота жасатып, соңына дейін үмітін үзбегенін айтады. Оның сөзінше, отандық медицина дұрыс диагноз қоймағандықтан, баласының өмірі қиылған. Енді оның есімін пайда үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әрекеті анасын қайта күйзелтіп отыр. Ол полицияға шағым түсірген, қазіргі таңда іс қаралуда.
«Факті бойынша полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтау үшін процессуалдық тексеріс жүргізуде. Тергеу нәтижесі қолданыстағы заң аясында бағаланады», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Қайғыдан қан жұтқан ана тиісті органдарға бірнеше рет шағымданғанымен, «медицина қызметкерлерінің тарапынан қателік анықталмады» деген жауап алған. Ол ең болмаса баласының есімін пайдаланып, алаяқтық жасағандар жауапқа тартылсын деп талап етеді.
Фото: Видеодан кадр/Астана арнасы
