Скверлер, Сайран көлі, аулалар мен тұрғын үйлер: Әуезов ауданында ауқымды абаттандыру жобалары жүзеге асуда
Алматы қаласының Әуезов ауданында қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды абаттандыру және тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев қазіргі уақытта ауданда төрт ірі қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, бұл — Ақсай-4 және 12-шағын аудандардағы скверлер мен Мамыр-4 және Жетісу-3 шағын аудандарындағы жаяу жүргіншілер аймақтары. Жобалар аясында балалар мен спорттық алаңдар, көше жиһаздары мен беседкалар орнату, жарықтандыру жүйесін жаңарту және көгалдандыру көзделген.
Негізгі жобалардың бірі — Сайран көлін абаттандыру. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың соңында аяқталып, бүгінде бұл аумақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналуда. Жобаны Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жүзеге асыруда.
«Құрылыс және абаттандыру жұмыстары толық аяқталғанға дейін су айдынында шомылуға тыйым салынады. Қауіпсіздік шараларын сақтап, жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау — сүйікті қаламыздың тазалығы мен көркіне әрбір тұрғынның қосқан үлесі», — деді аудан әкімі Абзал Егембердиев.
Ағымдағы жылдың қараша айына дейін Жұбанов көшесін және Сайран шағынауданындағы бірқатар аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Жоба аясында демалыс және спорт аймақтары, балалар алаңдары, бейнебақылау камералары, шамдар, қоқыс жәшіктері орнатылады, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен автотұрақ орындары абаттандырылады.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылуда. 2025 жылы 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның ішінде 24 жоба — қоғамдық кеңістіктерді, 6 жоба — аула аумақтарын абаттандыруға бағытталған.
Аулаларды жақсартуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылдың мамыр айында 23 ауланы күрделі жөндеу (1,8 млрд теңге) және 97 ауланы ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жобалардың толық аяқталуы 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.
2025 жылы тағы 25 тұрғын үйге сәндік жарық орнату және 45 ғимараттың қасбетін жөндеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы 678 млн теңгеге 45 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеу және 32 үйде 34 лифтіні ауыстыру (420 млн теңге) көзделген.