Алматының «Қайрат» футбол клубы алдағы уақытта өтетін «Интерге» қарсы сырт алаңдағы матчқабилеттердің сатылымға шыққанын мәлімдеді. Клуб хабарламасына сәйкес, бұл билеттердің бағасы Алматыдағы ойындарға қарағанда әлдеқайда қолжетімді.
Клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, УЕФА Чемпиондар лигасы аясындағы кездесу 5 қараша күні әйгілі «Джузеппе Меацца» стадионында (Милан) өтеді. Сырт алаңға арналған билеттер сатыла бастады, алайда олар қайтарылмайды.
Өтінім беру кезінде жанкүйерлер өздерінің жеке деректерін, туған күнін, жынысын, электронды поштасын және байланыс нөмірін көрсетуі тиіс. Электронды билеттер 4 қарашаға дейін жіберіледі.
«Стадионға кірер алдында жеке куәліктер тексеріледі, сондықтан деректер нақты болуы қажет. Матч алдында жанкүйерлерге арнайы жалаушалар таратылатын болады», — делінген клубтың хабарламасында.
Sports.kz сайтының мәліметінше, Миландағы қонақтар секторындағы билет құны шамамен 7 000 теңге деп белгіленген.
Салыстыру үшін: «Қайраттың» Алматыдағы өз алаңындағы ойындарына билет 30 000–250 000 теңге аралығында сатылған еді. Осылайша, Италиядағы матчқа бару құны едәуір арзан болып отыр.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасы ойындарындағы билет бағасы қабылдаушы клуб тарапынан УЕФА-мен келісім арқылы анықталады.
Биылғы маусымда «Қайраттың» өз алаңындағы матчтарына билет бағасы турнирдегі өзге клубтарға қарағанда ең жоғары деңгейде болғаны бұған дейін хабарланған.
Фото: Nur.kz
