Абай шығармашылығының қазақ зиялыларына әсері

Егер қазақ даласында шамшырақ жанса, ол – Абайдың сөзі. Ол шырақ түнде адасқанға жол көрсетіп, күндіз жарықта көлеңке түсірмей, ұлттың жүрегін жылытқан жалғыз сәуле болды. Абай өзі айтқандай: “Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?” Иә, ол өлген жоқ. Оның өлеңдері мен қара сөздері қазақ руханиятының тірегі болып, кейінгі қазақ зиялыларына жол сілтеді. ХХ ғасырдың басындағы ұлттық жаңғырудың, ұлттың оянуының артында дәл осы Абайдың үні жатты.

Қазақ халқының тарихындағы орны

Қазақ халқының тарихына зер салсақ, оның әрбір дәуірінде елдің тағдырын айқындап, ұлттық ойлау жүйесін жаңа сатыға көтерген алып тұлғалар дүниеге келген. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – хакім Абай. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай секілді Алаш көсемдерінің пікірлері де осыны айқындайды.

Абай дүние салғанда, Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетіне арнайы қазанама жазып, ұлы ақынның рухани мұрасын әлемдік деңгейге көтерді. Ол тіпті: «Абайдың жылдың төрт мезгіліне жазған өлеңін Еуропа білсе, таң қалар еді» – деп баға берген. Ахмет Байтұрсынұлы болса: «Абайдай тұлғаны қазақ баласы түгел тануы керек. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оның мұрасын білу – парыз» – деген. Демек, Абай мен қазақ – егіз ұғым. Бұл ойды Мағжан да қуаттап:

«Бір сөзі мың жыл жүрсе дәмі кетпес,

Қарадан хәкім болған сендей жанның,

Әлемнің құлағынан әні кетпес» – деп, Абайдың мәңгілік рухани күш екенін мойындайды.

Абайдың даралығы тек поэзиясында ғана емес, оның заманымен бетпе-бет келген күрделі мәселелерді терең түсіне білгенінде. XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ даласының отарлық бұғаудағы кезі. Халықтың байлығы, жері, малы, діні мен салт-санасы қыспаққа түскен шақ еді. Ресей империясына керегі – «сөз қайтармайтын мәңгүрт қоғам» болатын. Сол тұста Абай:

«Орыс айтты: өзіңе ерік берем деп,

Кімді сүйіп сайласаң биік көрем деп» – деп, бүкіл дәуірді бүлдірген саяси жүйенің кесірін ашып көрсетті.

Абайдың тұлғасы тек әдебиетте емес, қоғамдық өмірде де айқын көрінді. Ол болыс сайлауына түсіп, әділеттілік орнатуға тырысты, заңды өзгертуге ықпал етті. Оның әділдігі мен білімдарлығы замандастары арасында да бедел туғызды. Тіпті Семейдегі орыс оқымыстылары: «Білесіңдер ме, кітапханада келіп кітап оқитын қазақ бар» – деп, Абайдың ерекше ынтасын әңгіме еткен. Демек, Абай – қазақ қана емес, орыс зиялыларына да танымал тұлға болды.

Ойшылдың дүниетанымын қалыптастырған тағы бір фактор – шығыстық, исламдық және батыстық білімнің тоғысуы. Ол араб-парсы классиктерін, орыс әдебиетін, Еуропа философиясын зерделеп, қазақ қоғамының болмысын жаңа қырынан таныды. Сөйтіп, ол халықтың дініне, тарихына, психологиясына үлкен өзгеріс әкелді.

Әдебиет пен саясаттағы ықпалы және тілдік мұрасы

Абайдың өлеңдері мен ойлары кейінгі әдебиет пен саясаттағы ағымдарға да жол ашты. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» еңбегіндегі рухани үндеу – Абайдың «Қалың елім, қазағым»өлеңіндегі қайғы мен үміттің жалғасы іспеттес. Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм де Абайдың поэтикалық философиясынан нәр алды. Ал Әлихан Бөкейханның халықты ағартуға шақырған саяси мақалалары – Абайдың «Елді түзеу үшін алдымен адамның өзін түзеу керек» деген ұстанымымен үндесіп жатты. Осы тұрғыдан алғанда, Абай шығармашылығы – тек әдеби мұра ғана емес, ұлттық саяси ойдың бастауыболды.

Сонымен бірге, Абай қазақтың жазба әдеби тілін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Оның өлеңдері мен қара сөздері қазақ зиялылары үшін әдеби үлгі болды. Қазақ зиялылары орыс әдебиеті мен Батыс мәдениетін игерді, бірақ оларды қазақ топырағына әкеліп сіңіруде Абайдың аудармалары (Пушкин, Лермонтов, Крыловтан жасаған тәржімелері) үлкен рөл ойнады. Бұл аудармалар зиялыларға үлгі болып, қазақ әдеби тілінің әлемдік ой-пікірге ашық болуына жол ашты. Ахмет Байтұрсынұлының тіл тазалығы туралы күресі де осы Абай мұрасымен табиғи сабақтастықта болды.

Абай және Алаш арыстары: ғылыми сабақтастық

Қазақ руханиятын зерттеген ғалымдардың басым көпшілігі Абайды тек ақын ғана емес, ұлттық ойлаудың философы деп бағалайды. Оның шығармалары кейінгі қазақ зиялыларының саяси-әлеуметтік көзқарасына бағыт-бағдар берді. Мысалы, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың “Қара сөздерін” қазақ қоғамының “философиялық энциклопедиясы” деп атайды. Бұл баға жайдан-жай емес. Өйткені, Абайдың қара сөздері халықтың санасын жаңғыртудың теориялық негізін қалыптастырды.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты Алаш зиялылары осы негізге сүйенді. Олар Абайдың “адам болу”, “елді түзеу үшін алдымен өзін түзеу” идеяларын ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың рухани бағдарламасына айналдырды. Зерттеушілер мұны “Абайдың рухани эстафетасы” деп атайды.

Абайдың тілдік ықпалы да ғылымда кеңінен қарастырылады. Лингвист-ғалымдар атап өткендей, Абай қазақтың әдеби тілін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, оны әлемдік ой-пікірге ашты. Оның Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармалары қазақ зиялылары үшін үлгі болды. Бұл аудармалар арқылы қазақ оқырманы алғаш рет әлемдік әдебиетпен танысты. Осы құбылыс қазақ әдеби тілін жаһандық мәдени коммуникацияның бір бөлігіне айналдырды.

Журналистика тұрғысынан қарасақ, Абайдың ойлары халықты оятудың ең тиімді тетігіне айналды. ХХ ғасыр басында “Қазақ”, “Айқап” сияқты басылымдардағы мақалалар Абай ілімінің жалғасы болды. Баспасөз зерттеушілері мұны “Абайдан бастау алған ағартушылық миссия” деп сипаттайды.

Қорытындылай айтқанда, Абай шығармашылығы – әдеби мұра ғана емес, ұлттық ойлау жүйесінің ғылыми-философиялық өзегі. Ол Алаш қозғалысына идеологиялық қуат беріп, қазақ журналистикасы мен әдебиетінің іргетасын қалады.

Нұрқасым Сымбат Бауыржанқызы

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті. Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

Related posts

Астанада «Наурыз» ұлттық сыйлығы табысталды

ttjk

ТУРИСТЕРДІ СЫЙМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Назия Жоямергенқызы

Қорғаныс министрінің орынбасары: Сарбаздың сұрағанын бере бермеу қажет

editor