Абай облысында 2025 жылдың басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты үш жағдай тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев мәлімдеді.
– Екі бала 5-қабаттан, бір бала балконнан құлап, жарақат алды. Абырой болғанда, бәрі аман қалды, бірақ бастарынан жарақат алып, емханаға жеткізілді. Екі ата-ана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, – деді тәртіп сақшысы.
Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, білім беру ұйымдары мен елді мекендерде профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді. Жыл басынан бері 300-ге жуық дәріс пен 75 кездесу ұйымдастырылған.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Штыкельдің мәліметінше, 2022 жылдан бері өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты 32 жағдай тіркелген, оның үшеуі — биыл.
– Мұндай оқиғалар көбіне ата-аналардың салғырттығы мен балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болады. Сондай-ақ терезе маңына жиһаздың дұрыс орналастырылмауы да себеп. Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша жауапкершілікке негіз бола алады, – деді ол.
Спикердің айтуынша, биылдың өзінде 1 500-ден астам адамды қамтыған түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Терезе қауіпсіздігіне қатысты талаптар техникалық регламенттер мен құрылыс нормаларында нақты көрсетілген.