АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ ЕКІ«КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» АШЫЛАДЫ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЕКІ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Абай облысында жаңа форматтағы «Келешек мектептері» желісі кеңейіп келеді. 2025–2026 жаңа оқу жылында Семей қаласының Водный кентінде 600 орынға арналған жаңа жалпы білім беретін мектеп өз есігін ашады.

Бұл – облыс аумағында салынған үшінші заманауи мектеп. Бұған дейін Қарағайлы шағын ауданында 1200 орындық және Бесқарағай ауданында 300 орындық мектептер іске қосылған. Қазір Аягөз ауданында тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар Шығыс кентінде де 300 орындық жаңа білім ордасы салынады.

Водный кентіндегі үш қабатты жаңа ғимарат заман талабына сай жабдықталған: 28 оқу кабинеті, соның ішінде физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу, ағаш және металл өңдеу, кулинария мен тігін кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар 166 орындық акт залы, 177 орындық асхана, 7 зертхана, заманауи кітапхана және оқу залы болады.

Цифрлық инфрақұрылым бойынша мектеп 30 интерактивті панель, ноутбуктер, стационарлық компьютерлер, принтерлермен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг аймақтары да қарастырылған.

Қауіпсіздік жүйесіне 96 бейнекамера, турникет, 19 апаттық шығу есігі енсе, инклюзивті ортаға арналған барлық жағдайлар (лифт, пандустар, тактильді жолақтар, арнайы санитарлық тораптар) толық қамтылған.

Ашық спорт алаңы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, үлкен және кіші спорт залдары, жүгіру жолақтары – жаңа мектепті кешенді спорт инфрақұрылымы бар орталыққа айналдырады.

«Келешек мектептері» – білім беру сапасын арттырумен қатар, қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған жаңа буын инфрақұрылым үлгісі. Осылайша, Абай облысында «Келешек мектебі» жобасы аясында барлығы 3000 орындық бес мектеп қарастырылған.  

АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Related posts

ЖАЗДЫҢ СОҢЫН БОДРУМДА ӨТКІЗІҢІЗ

ttjk

Ұлттық ұланның 3 жыл 9 айда 58 әскери қызметшісі қаза тапқан

editor

Түркияның ең танымал керуен жолдары

Назия Жоямергенқызы