Абай облысында педагогтерге құрмет көрсетілді

 

Абай облысында ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, ардагер ұстаздар мен 500-ге жуық педагог қатысты.

Аймақ басшысы ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді.

«Бүгінгі мереке – халқымыз үшін ең қастерлі күндердің бірі. Түркі әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаш бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп толғануы тегін болмаса керек. Бұл – ұстазға тағзым ететін, шәкірт жүрегінде шамшырақ болған аяулы жандарға алғыс білдіретін күн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұстаз мәртебесін әрдайым айрықша атап өтеді. Мемлекет басшысы ұстаздар күніне құттықтауында «Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан» деп Сіздердің маңдай тер мен еңбектеріңіздің әділ бағасын берді. Білімді ұрпақты жетілдіру де, бірлігі берік буынды тәрбиелеу де, кәсіпке қабілетті жастарды өсіру де ұстаздардың биік борышы және абыройлы міндеті. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін», — деді облыс әкімі.

Шара барысында облыстың бірқатар педагогтері Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Аймақ басшысы мерекелік шарада Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан «Ұстазға алғыс!» апталығы аясында бүгінде Астана қаласында тұратын ұстазы Зәйтуна Мұқажанованы кәсіби мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті. Мұғалімдер мерекесі қарсаңында Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айгүл Омарбекова мен Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің оқытушысы Гүлжанат Кәрімова Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Абай облысында бүгінде 16 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Облыс құрылғаннан бері 8 ұстаз республикалық деңгейде «Үздік педагог» атанса, 30-ы облыстық марапатқа ие болды. Жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында «Жас педагог» бағдарламасы аясында 780-нен астам жас мұғалім жұмыспен қамтылып, тәлімгерлік көмек алуда. Ал 41 тірек мектебі мен 149 шағын жинақты мектеп «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасымен қамтылып отыр. Жоба аясында 1085 педагогтің біліктілігін арттыру жоспарлануда.

Related posts

Мұнай бағасы төмендеді

editor

АЛАНЬЯДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ

ttjk

Поздравление Главы государства Касым-Жомарта Токаева с Международным женским днем

ttjk