Абай облысында заң аясындағы шаралар кешенді түрде іске асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова баяндады.
— Бүгін өңірде 12 177 педагог қызмет атқарып келеді. Жалпы облыс ұстаздарының 95%-ы жаңартылған біліктілік санаттарына ие, бұл педагогтердің кәсіби дамуға деген жоғары ынтасын айғақтайды. Материалдық және әлеуметтік қолдау шаралары толық жүзеге асырылуда. 2020 жылдан бері мұғалімдердің айлық жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, қазіргі таңда 75% артты. Сынып жетекшілігі, дәптер тексеру және тәлімгерлік үшін қосымша үстемақы төленеді. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге 25% үстемақы, тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық шығындарды өтеу бойынша жергілікті бюджет есебінен көмек көрсетілуде, — деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар педагог беделін көтеру бағытында да бірқатар нәтиже бар. 2022 жылдан бері Абай облысының 8 мұғалімі республикалық деңгейде «Үздік педагог» атағына ие болды. «Жас педагог» бағдарламасы аясында 780-нен астам жас ұстаз жұмыспен қамтылып, тәлімгерлік қолдау көрсетілуде. 2025 жылдың соңына дейін тағы 4 981 педагог курстан өтеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ Абай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бақытгүл Мәсәлімованың айтуынша, мұғалімдердің кәсіби құқықтарын қорғау шаралары да заң шеңберінде қамтамасыз етілген.
— Жалпы алғанда, «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздардың кәсіби беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және білім беру сапасын жетілдіруге мүмкіндік берген маңызды құжат болып отыр. Заң аясында мұғалімдер артық есеп-қисап пен заңсыз қоғамдық жұмыстардан босатылып, 56 күндік демалыс, қосымша үстемақылар және әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды. Педагог құқығын бұзған жеке және заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл заң – нормативтік акт қана емес, ұлт болашағына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі, — деді департамент басшысы.
Абай облысында бұл заң талаптары толық көлемде жүзеге асырылып, өңірдегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға елеулі үлес қосуда.