Абай облысында Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» атты салтанатты шара өтті. Семей қаласындағы Абай театрында өткен мерекелік жиынға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтады.
«Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл еліміздің егемендік декларациясын қабылдағанына 35 жыл толып отыр. Президентіміз Тәуелсіздіктің бастауында тұрған осы қастерлі датаның маңызын арттырып, қайта жаңғыртты. Облысымыздың ширек ғасырдан кейін қайта құрылып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы тікелей Мемлекет басшысының қамқорлығы екені баршаға белгілі. Өңірдің жаңадан құрылғанын ескере отырып, аймағымыздың қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатында Президентіміз Абай облысына айрықша назар аударып, мемлекеттік марапаттың лимитін екі есеге көбейтіп отыр. Соның арқасында облысымыздың еңбек сіңірген азаматтары құрметтің төріне шықты», — деді аймақ басшысы.
Ерен еңбектерімен құрмет төріне шыққан азаматтардың қатарында түрлі сала өкілдері бар. «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы, еңбек ардагері, белгілі меценат Кеңбейіл Исаев 1 дәрежелі «Барыс» орденін, «Семей цемент зауыты» ЖШС өндірістік кешенінің шахталық және айналмалы пештердің аға машинисі Рахат Байлов «Ерен еңбегі үшін» медалін Президенттің қолынан алды.
Шара барысында Абайдың 180 жылдық мерейтойын атқаруда айрықша еңбек еткен белгілі ақын Төлеген Жанғалиев «Парасат» орденімен наградталды. Абай атындағы театрдың белгілі актрисасы Бақыт Тойымбаева мен талантты актер Бекзат Омашев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Айта кетерлігі, мұндай атақ көп жылдан бері облысымыздың өнерпаздарына берілмеген болатын.
Көкпекті ауданындағы белгілі еңбек адамы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Владимир Виничукке, өңіріміздегі талай буын тележурналистердің ұстазы, «Байуақов ТВК-6» теларнасының директоры Омарбек Байуақовқа, Семей ет комбинатына көлемді инвестиция салып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан белгілі кәсіпкер, меценат, «EURASIA RED» компаниялар тобының президенті Ерлан Мұқашевқа, түрлі әлеуметтік жобаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан кәсіпкер, Абайдың 180 жылдығын атап өтуде елеулі еңбек еткен меценат Александр Соловьевке және жол саласының білікті маманы Серікжан Айкелевке «Құрмет» ордені тапсырылды.
Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, денсаулық, білім салаларына үлес қосып жүрген бірқатар еңбек адамдарына «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» төсбелгілері табыс етілді.
Сондай-ақ, облыста ұзақ жыл еңбек етіп, аймақтың дамуына үлес қосқан өңіріміздің бірқатар азаматтарына алғаш рет «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі берілді.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров, Зарина Омарова, Мөлдір Әуелбекова, «Жігіттер» квартетінің солисті Мырзахан Мақанов, облыстық филармония әртістері мен М.Төлебаев атындағы музыкалық училщесінің студенттік хоры, Абай облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі көрерменге ерекше концерттік бағдарлама ұсынды.
