УНИВЕРСИТЕТ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ: ТӘУЕКЕЛДЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің қолдауымен Халықаралық Фараби форумы аясында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» (МТIJ) атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы биыл сегізінші рет өткізілді.

Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова конференция қатысушыларын құттықтап, университеттің тұрақты даму саласындағы қызметіне тоқталды: «Университет ғалымдары соңғы жылдары 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобалар орындады. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланды. ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асырылуда».

Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев конференцияның ұлттық университеттің 90 жылдығы мен БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» UNAI Жаһандық хабына 10 жыл құрметіне орай ұйымдастырылғандығын айта келіп, шара қатысушыларын құттықтады.

Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы, БҰҰ жаһандық  коммуникациялар департаментінің Өкілі Властимил Самек университеттің БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» UNAI Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзіміне 10 жыл толғандығын ерекше атады. «Тұрақты даму бойынша журналистік білім беруге арналған конференция тек студенттер ғана емес, жалпы журналистер үшін де пайдалы. Журналистердің тұрақты даму мақсаттарын дұрыс интерпретация жасап, ақпаратты объективті әрі мұқият беруі кез келген елдің дамуына, азаматтардың ізгілікке ұмтылуына ықпал етеді», — дей келе, аталмыш жиында өрелі ойлар мен татымды, қызықты пікірлердің мол болатындығына сенім білдірді.

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің  коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов Өңірлік кеңсе атынан кафедраның тұрақты дамудың 4.7., 16.10 мақсаттары бойынша Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасымен бірлескен қызметіне алғыс білдірді. ЮНЕСКО-ның семинарлар сериясына тоқталды. Осы орайда ЮНЕСКО-ның табиғи апаттарға арналған қарқынды курстары қазіргідей су тасқыны, жер сілкінісі, өрт белең алған кезеңде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына өте қажет. Осындай апаттарды алдын ала болжап, дұрыс шешімдер қабылдау үшін жасанды интеллектіні де сауатты қолдану қажет», — деді. Өңірлік кеңсе маманы ұлттық білім беру платформаларын қолдаудағы конференцияның ерекше үлесіне тоқталды: «Кафедраның алдыңғы екі жобасының негізінде әзірленген журналистиканың ұлттық платформасы Қырғызстан мен Тәжікстанда жалғасын тауып, дамуда. Олар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әзірлемелерін, ЮНЕСКО ресурстарын қолданып отыр». С. Карпов ЮНЕСКО-ның журналистік білім беру серияларымен таныстырды. Оның ішінде ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы әзірлеген климат өзгерісіне, журналист қауіпсіздігі, гендерлік теңдікке арналған курстар да бар.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова отандық білім мен ғылымның флагманы – Қазақ ұлттық университетін 90 жылдық жетістіктерімен құттықтап, еліміздің білімін дамытудағы үлесі үшін рақмет айтты. Тұрақты дамудың негізгі элементтерін атай келе, коммуникация мен білім берудің маңыздылығына тоқталды. Аталмыш конференцияның журналистік білім берудегі маңызды мәселелерді қозғап, тәжірибе алмасып, тәуекелдер мен проблемаларды анықтап, шешілу жолдарын анықтайтын платформа екендігін атап өтті.

Конференцияның ақпараттық серіктесі «Түркітілдес журналистер» қоғамдық қоры соңғы 10 жылда кафедрамен тығыз бірлестікте бірнеше жобаларды жүзеге асырды. Студенттердің Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарынан тәжірибеден өтуіне мұрындық болды. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы болашақтағы бірлескен халықаралық жобалар туралы ақпаратпен бөлісіп, конференция жұмысына табыс тіледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму бойынша Пан Ги Мун институтының директоры Жансая Исаева: «Бүгінгі диалог көпсипатты, халықаралық деңгейде жүргізілген журналистік келіссөздер бұл кездесудің дипломатиялық сипатын айшықтайды» — деді.

Алматы Азаматтық Альянсының төрағасы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайыржан Абдыхалықов тұрақты даму мақсаттарына жетудегі азаматтық қоғамның қосқан үлесіне тоқталды. «Блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, егер олардың мыңдаған жазылушылары болса, ақпарат таратудың күшті құралы болады. Сондықтан академиялық қауымдастықпен бірлесіп этикалық нормалар мен принциптерді әзірлеу қажет», — деген ұсыныс айтты.

Азия медиа және ақпараттық орталығының өкілі Гүльнар Асанбаева Қазақстандағы медиа білім беру технологиялары мен журналистикада жасанды интеллектіні қолданудың болашағына шолу жасады. Сарапшы маманның айтуынша, Қазақстанда медиасауаттың ең жоғары деңгейі 2021 жылы болған. 2023 жылы көрсеткіштер төмендеген. Телеарналар халық көп сенетін ақпараттың негізгі арнасы. Әлеуметтік желілердің ішінде инстаграм мен ватсапқа көбірек сенеді, ақпарат жалған деп ешкім айтпайды. Әрине, бұл қауіпті жағдай. Адамдар әлеуметтік желі алгортимдерін, ақпараттың қандай жолмен түсетіндігін білмейді. Сондықтан медиапедагогиканы жаңарту керек. Сарапшы сондай-ақ, жасанды интеллект сауатына тоқталды. Бұл ақпарат алу үшін сұрақты қаншалықты сауатты қоюға байланысты.

Бүгінде жасанды интеллект ақпарат жинаудан контент туғызғанға дейін журналистердің ең тиімді құралына айналды. Генеративті модельдер білім беру саласында да кеңінен қолданылады. Алайда оны  қолдану авторлық құқық пен плагиат, нормативтік-құқықтық база, этика мәселелерін туғызады. Білім берудегі жасанды интеллект технологиялары туралы зерттеумен Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің журналистика және бұқаралық коммуникациялар жоғары мектебінің профессоры, с.ғ.д., саясаттанушы Илья Быков таныстырды.

Конференцияға Қытайдан арнайы келген Сиань Цзяотун университетінің Жаңа медиа журналистика мектебінің профессоры Фэн Ву баяндамасына Қытайдағы журналистік білім берудің жаңа статусын арқау етті. Соңғы жылдары Қытайдағы журналистік білім беру экономикалық артта қалған аймақтардағы қарт адамдар мен жұмысшы-мигранттардың, әйелдер мен балалардың медиасауатына көбірек көңіл бөледі. Қытайдағы экологиялық коммуникация шынайы өмірмен астасып, жедел дамуда. Бұл Қытайдың экономикалық және әлеуметтік дамуына және БАҚ реформасына игі ықпал етуде. Қытайдың денсаулық сақтау саласындағы коммуникация зерттеудің маңызды бағытына айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы медициналық ақпарат таратылып, аурудың алдын алу, денсаулықты нығайту саясаты жүзеге асырылады.

Қазіргідей өткір  экологиялық және әлеуметтік проблемалардың жаһандық өзара байланысы дәуірінде тұрақты даму саласындағы журналистиканың рөлі дәл осындай маңызды болған емес. Avrupa Media Holding (Ұлыбритания) құрылтайшысы, журналист Ватан Өз сөзін «осындай құнды кафедраның серіктесі болғанымды мақтан тұтамын» — деп бастады. Еуропалық БАҚ редакторы тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқытудың бірнеше үлгілерін сипаттады, осы бағытта кәсіби мамандар даярлап отырған академиялық қоғамдастықтың маңызды рөлін атады.

Интер-Медиа Брюссель қоғамдық қорының (Түркия) құрылтайшысы, журналист Юсуф Джинал университет студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізу, магистрант, докторанттардың ғылыми тағылымдамасына қолдау көрсету туралы ойларымен бөлісті.

Пенза мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Галина Зуева (Ресей), Молдова-1» қоғамдық телеарна редакциясының бас редакторы Людмила Барба (Молдова Республикасы) кәсіби журналистер даярлаудағы өзекті мәселелерді қозғады.

Назгүл Шыңғысова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі.

Related posts

Алматы облысында «Қазпошта» АҚ кассирлері 84 млн теңгені жымқырған

Сокровище Внутреннего Эгейского моря: Айзаной

ttjk

Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады

Назия Жоямергенқызы