Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Дағдарысқа қарсы біріккен жоспар қажет

Лукашенко және Путинмен кездескен Елбасы Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, дағдарысқа қарсы ортақ жоспар құру, үш елдің сауда айналымына қатысты көрсеткіштерін жақсарту, Украинаның оңтүстік-шығыс аймағындағы ахуалды реттеуге үлес қосу туралы мәселелерді талқылады.

Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь және Ресей басшыларымен кездесті. Президенттер мемлекетаралық сауда, үш елдің экономикалық ықпалдастығын арттыру мәселелерін жан-жақты талқыға салды. Өз кезегінде Елбасы Қазақстан, Ресей мен Беларуське тез арада дағдарысқа қарсы күрестің біріккен жобасын жасау керектігін ескертті: «Биыл елдерімізді дамытудың еуразиялық экономикалық үлгісі сынаққа түсе­ді. Біздің экономикаларымыз 2015 жылы бұдан ары қарай не істейтіндігімізді және туындайтын қиындықтарды қалай шешетінімізді егжей-тегжейлі талқылауды талап етеді. Экономикаларымызға төнетін дағдарыстық қатерлердің алдын алу үшін біріккен жоспар құруымыз керек. Президенттердің бүгінгі кездесуі осы мәселеге арналады».
Елбасының айтуынша, қазіргі дағдарыс аймақтарға кері әсер ете бастаған. «2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз – бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы кездері үш ел арасындағы сауда айналымына қатысты көрсеткіштер төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мәселен, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 20 пайызға қысқарған. Осы жайттарды көлденең тартқан Президент қауіп-қатер мен кері әсерді жоюдың жолдарын қарастыруды ұсынды.
Кездесу соңында Александр Лукашенко үш елдің өзара ынты­мақтастығы мен серіктестігін, тұрақ­ты әрі тиімді дамуын нығайту мақ­сатында сауда, ақша-несие және басқа салаларға қатысты пікірімен бөлісті: «Кездесу нәтижесінде алдағы ортақ іс-қимылдардың барлық бағыттары бойынша ұстаным­дар­дың сәйкес келуіне шешім қа­был­дадық. Сауда-экономикалық ынты­­мақтастықты әлемдік ахуалдың жаңа жағдайлары мен елдеріміздің эконо­микаларындағы қазіргі ахуалын ескере отырып, дамыту үшін қосымша шарттар қалыптастыру қажет».
Ал Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы үш елді сау­да және инвестициялық тығыз байланыстар біріктіретінін айтты: «Үштіктің» Ішкі жалпы өнім көлемі ТМД-ға тиесілі көрсеткіштің 85 па­йызына тең. Біз орасан өндірістік және ғылыми әлеуеті бар ірі нарық қалыптастырудамыз. Ресей Қазақстан мен Беларусьтің сыртқы саудасында бірінші орын алады. Өткен жыл қорытындысы бойынша Ресейдің осы екі елмен тауар айналымы 60 миллиард долларды құрады. Ал Беларусь пен Қазақстан Ресей Федерациясының сауда теңгерімінде үшінші орынды алады».
Путин үш мемлекеттің өнер­кәсіптік-технологиялық кооперация, машина жасау, ғарыш және энергетика салаларындағы байланыстары нығайып келе жатқанына баса назар аударды.
Президенттердің басқосуында Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуалды реттестіру мәселесі де сөз болды. Үш елдің президенттері алдында тұрған басты мәселе – дауды бейбіт жолмен шешу. «Мемлекеттер ұстанатын қағида белгілі. Қазақстан бұл жағдайдан дипломатиялық жолмен шығуды көздейді. Қарулы қақтығысқа негіз жоқ. Сондай-ақ, ең маңыздысы, кез келген шешім халықаралық құқықтардың алғышарттарын ескере отырып, қабылдануы тиіс», – деген Елбасы соғысты жақтамайтынын ашық айтты. Украинаға қатысты сөзінде Путин қазақ және беларусь әріптестеріне қолдағаны үшін алғыс білдірді: «Қазақстан мен Беларусь президенттерінің бұл түйткілді реттеуге белсене қатысқанын атап айтқым келеді. Минскіде қол жеткен келісімнің арқасында қарулы қақтығысты ушықтырмаудың мүмкін­дігі туды».
Елбасының жеке қабылдауында болған В.Путин Қазақ басшысымен бірге сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салаларын қарастырған болатын. Ең бастысы, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. «Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, соған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері шешіліп жатыр», – деген Елбасы «Үштікке» ортақ шараларға тоқталды. Кездесуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтқан Путин: «Біз үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келемін. Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңіс­тікте, соның ішінде Сіздің тікелей қатысуыңызбен құры­лып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіз­дері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай б???ірлесіп атқар­сақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз», – деді.
Кездесуден кейін президенттер Назарбаев орталығында болды.

Related posts

Афьонкарахисар: Мечеть Улу (Большая)

ttjk

«Шеврон» компаниясы Astana Finance Days барысында Тікелей инвестициялар қорын таныстырды

ttjk

Олжас Бектенов Шымкент қаласының дамуы және Президент Жолдауын іске асыру шараларымен танысты

editor