ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА — САПАЛЫ ӨНІМ КЕПІЛІ

 

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясынан елімізде кейбір кәсіпкерлік нысандарының жұмысы тұралап қалды. Сәйкесінше, халықтың басым бөлігі шаруадан қол үзді. Кеселдің кесірі тек азық-түлік, дәріхана, қызмет көрсету сияқты кәсіп иелеріне ғана тиген жоқ. Әсіресе, Үкімет бұқараны азық-түліксіз қалдырмасы үшін қорды толтырды, бағасын тұрақты ұстап отыруға барын салды. Мұндай қысылтаяң уақыт ауыл шаруашылығы саласына айырықша көңіл бөлу керектігін көрсетті. Дегенмен, қорасы қарадан, қазаны еттен босамайтын, даласына егін мен шөпті толтыратын халық коронавирусқа қарамастан, кәсібін тоқтатқан жоқ. Яғни, кең далаға дәнді дақыл себіліп, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізген шаруалар жаңа техникалар сатып алып жатыр. Мал шаруашылығында да өсім жақсы.

Мәселен, бүгінгі таңда Қарағанды облысында егіс-дала жұмыстары қарқын алған. Өңірдің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы, Сырым Бошпановтың айтуынша, мұндай жақсы көрсеткіштерге аймақтың қол жеткізуі — мемлекеттік қолдаудың арқасы. Қарағандылық шаруалар қаржылық жағынан еш қысылған емес. 2018 жылы ауыл шаруашылығына 14 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы ол 7 миллиард теңгеге көбейген. Биыл егіс көлемі де ұлғайыпты.

— Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетіліп жатқан қолдаулар жылдан-жылға артып келеді. 2019 жылы осы ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 21 млрд. теңгедей бөлінді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда едәуір көп. Биыл дәнді және бұршақты дақылдарды себуді 895,5 мың гектарға жеткізіп отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда 32 мың гектар алқапқа үлкен. Мемлекеттің қолдауларының арқасында тұқымдардың, алып жатқан өнімдердің сапасы жақсарды, — дейді Қарағанды облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Бошпанов.

«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, күннің ерте жылынуына орай, Қарағандының Осакаров ауданындағы диқаншылар егіс алқаптарына жылдағыдан ерте шыққан. Бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып, дән себу жұмыстарын да уақытынан бұрын бастады. Ал техника жағына ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілер еш бас қатырған жоқ. Бұл жайлы Осакаров аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қабылда Әбілдинов былай дейді:
— Осакаров ауданында 342 500 гектар жерге дән себеміз. Бес айдың ішінде ауданға 1 млрд 700 млн теңгеге 45 жаңа техника алдық. Оның ішінде 1 млрд 300 млн теңгесі «КазАгро» Ұлттық басқарушы Холдингке қарасты «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы алынды. Жыл аяғына дейін біраз техникаларды жаңартпақшымыз. 276 мың гектар жерге бидай себеміз.

Техника демекші, салаға қажетті заманауи көліктердің барлығын Қарағанды шаруалары «ҚазАроҚаржы» арқылы алып жатыр. Сондай шаруа қожалығының бірі — Осакаров ауылындағы «Звездный» серіктестігі. 1998 жылы 200 гектар жерге егін егуді бастаған қожалықтың қазіргі жалпы алаңының көлемі — 17 мың гектар. Оның 5,5 мыңы — жайылым жері. Ал 7 мың гектар жерге бидай, 1 мың гектарына арпа, сосын көпжылдық шөп еккен. Серіктестік жетекшісі Нұрлан Қобжанов қаржылық ұйымның қолдауының арқасында 2020 жылдың ақпан айында бразиялық техниканы сатып алған. Заманауи техника — сапалы өнім кепілі.

— 2019 жылы өздігінен жүретін бүріккіш техникасын аламыз деп жоспарладық. Қазақстанның бойынша барлық техниканы қарап шығып, арнайы Бразилиядағы зауытына барып, өндірісті көзімен көрдім. 120 миллион теңге тұратын техниканың мүмкіндігі мол. Өсімдіктің өсуін жүйелейді, тыңайтқыштарын реттейді. Егінге арналған техника «ҚазАгроҚаржы» арқылы алынды, — «Звездный» ЖШС директоры Нұрлан Қобжанов осылай деп отыр.

Қарағанды өңіріндегі техника сатып алған тек «Звездный» серіктестігі ғана емес, «Рассвет», «Қобжанов» шаруа қожалықтары, «Рассвет-В.Р» серіктестіктері және тағы да басқа шаруалар тиімді пайдаланып отыр. Аграрлық саладағы материалдық-техникалық базаны нығайтуға атсалысып жүрген «ҚазАгроҚаржы» ұйымы арқылы еліміздің өзге де өңірлеріндегі қожалықтар да техникаларын жаңартуда.

— «ҚазАгроҚаржы» кепілге ешқандай техникаларды алмайды. Лизингке техника беретін болғандықтан, техниканы сатып алғандар сыйақы мөлшерін қоса алғандағы қарыз соманы өтеуі тиіс. Содан кейін ғана ол меншікке беріледі. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы тек өсімдік шаруашылығы емес, мал шаруашылығы саласын да қаржыландырамыз. Яғни, сүтті немесе етті мал шаруашылығына кез-келген елден техника сатып алуға көмектеседі. Ал қаржыландыру жағы шектелмеген, — дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Данияр Тоғызбаев.

Жалпы, мемлекет фермерлер үшін қолайлы жағдай жасап, техниканы қолжетімді ете алды. Қазіргі уақытта Қазақстанда инвестициялық салымдардың төрттен бір бөлігі тең көлемде субсидияланады. Лизингтік бағдарламалар да көптеп жүзеге асуда. Ал мұндай ақпараттар Қарағанды облысының Осакаров ауданына БАҚ өкілдері үшін «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен ұйымдастырған баспасөз туры аясында айтылды.

Related posts

Картоп пен қызылшаның тұқымы 10 пайызға жетпейді

editor

Ветер Тюркского мира дул в Таврских горах!

ttjk

Жиырмадан аса оқушы ауруханаға жеткізілді

editor