«Еркін сөз – 2026»: жеңімпаздар анықталды

Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Еркін сөз – 2026» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. 2017 жылы басталған байқау биыл оныншы рет өткізілді. Жобаның басты серіктесі әрі демеушісі — Халық банк.

«Еркін сөз» байқауы қаржы тақырыбында жазатын қазақ журналистерді қолдауға, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға және халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған. Оның қоғамдық маңызы — қаржы өнімдерінің шарттарын, жеке қаражатты басқару тәсілдерін және қаржылық тәуекелдерді көпшілікке түсінікті тілмен жеткізетін материалдарды ынталандыру. Байқау қаржылық алаяқтықтан сақтану, несие міндеттемелерін түсіну және отбасылық бюджетті жоспарлау мәселелеріне назар аударады.

Байқау жұмыстарын бағалауға қатысқан қазылар алқасының құрамында Зейін Әліпбек, Жанахмет Ағыбаев, Дина Елгезек, Айбану Анарбаева, Гүлзат Нұрмолда, Роза Қараева, Ләйлім Әубәкірова және Қарагөз Ыдырыс бар. Қазылар қатарында журналистика, редакторлық қызмет және коммуникация салаларында тәжірибесі бар мамандар жұмыс істеді.

Биыл «Үздік мақала» аталымында «Жамбыл–Тараз» газетінің журналисі Арайлым Шабденова жеңімпаз атанды. Оның «Алаяқтар айылын жияр емес» мақаласында қаржылық алаяқтық мәселесі көтеріліп, азаматтардың сақтық танытуының маңызы қарастырылған.

«Үздік ақпараттық сюжет» аталымы бойынша 24KZ телеарнасының журналисі Еркебұлан Смадияров марапатталды. Оның телесюжетінде бөліп төлеу шарттары, пайыздық үстемелер және мұндай міндеттемелердің отбасылық бюджетке түсіретін салмағы түсіндірілген. Материал тұтынушының қаржылық шешім қабылдамас бұрын төлем шарттарын толық түсінуіне арналған.

«Сайттағы үздік мақала» аталымында El.kz порталының журналисі Амангүл Тілейқызы бас жүлдеге ие болды. Оның «ЖИ қаруға айналды: алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қалай қорғанамыз?» мақаласында жасанды интеллектіні алаяқтық мақсатта пайдалану қаупі және жаңа алдау тәсілдерінен қорғану мәселелері қамтылған.

Оныншы рет өткізілген «Еркін сөз» байқауы алдағы уақытта да жалғасып, қаржы журналистикасын дамытуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға қызмет ете береді. Жобаның негізгі бағыты — азаматтардың қаржылық шешімдерді саналы қабылдауына көмектесетін сапалы қазақтілді ақпараттың көбеюіне қолдау көрсету.

Related posts

How To Have The Best Coffee While in Greece

ttjk

Сокровище Внутреннего Эгейского моря: Айзаной

ttjk

«ЖАС КУАТ» — ПРОГРАММА ДЛЯ МОЛОДЫХ АТЛЕТОВ

ttjk