Алғабастағы өрт: жарақат алған үш адамның қазіргі жағдайы туралы ақпарат

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенат кулуарында Түркістан облысының Алғабас ауылында орын алған өрттен аман қалған үш тұрғынның хал-ахуалына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады.

Вице-министрдің айтуынша, зардап шеккен екі ересек адамның жағдайы бірқалыпты әрі тұрақты екені белгілі болды.

«Барлық жараланғандар Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерге жеткізілді. Қажетті ем-дом толық көлемде жасалып жатыр. Баланың жағдайы өте ауыр болып отыр. Алматыдан арнайы шақырылған жоғары білікті мамандар кеңес беріп, емдеу тактикасын түзетіп отыр. Бұл жағдай министрліктің тұрақты бақылауында», – деді Сұлтанғазиев.

Еске сала кетейік, 18 қараша күні таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмған еді. Қаза тапқандардың тоғызы — бала.

Тағы үш адам – екі ересек және бір жасөспірім ауруханаға жатқызылды.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Үкімет пен облыс басшылығына тиісті тапсырмалар берген болатын.

Құзырлы органдар аталған факті бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар өрттің нақты себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.

Кейінірек мамандар өрттің туындауына ықтимал себептер жөнінде алдын ала тұжырым жасаған еді.

Фото: Nur.kz

Related posts

Am Best «Халық-Life» АҚ-ның қаржылық тұрақтылық рейтингісін және ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісін растады

ttjk

СҰЛУ ШАҺАР -СТАМБҰЛҒА САЯХАТ

Назия Жоямергенқызы

Мәжіліске жаңадан келген депутат ант берді

editor