Қазақстан азаматтары психикалық күйзеліс немесе депрессия диагнозы қойылған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдей алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Биыл көктемде қала тұрғыны Марал Әсембекова ауыр эмоционалдық күйзеліс кезеңінен өткен. Жеке өміріндегі өзгерістер мен отбасылық түсініспеушіліктер оның психологиялық жағдайына кері әсер етіп, ақыр соңында жұмыс орнынан айырылуына себеп болған. Ол өз сөзінде, егер сол кезде психикалық жағдайға байланысты еңбек демалысын рәсімдеуге болатынын білгенде, жұмыстан шықпай-ақ, уақытша тынығып, қайта оралар еді дейді.
“Егер бұрын білсем, жұмыстан кетпей-ақ, біраз уақыт өзімді қалпыма келтіріп алар едім. Көп адам осындай күйзеліс кезінде жұмыстан айырылып, өмірге деген қызығушылығын жоғалтып жатады”, – дейді Марал Әсембекова.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы елімізде психикалық күйзеліс диагнозымен тіркелген азаматтар саны 1500-ден асады. Олардың көбі — 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда азамат алдымен психиатриялық тексеруден өтіп, дәрігердің қорытындысы негізінде еңбекке жарамсыздық парағы ашылады.
“Депрессияның жеңіл, орташа және ауыр түрлері бар. Барлық жағдайда да еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілуі мүмкін, алайда шешімді тек дәрігер қабылдайды”, – деді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Нәби Есімов.
Министрліктің түсіндіруінше, диагноз қойылған науқастар екі айға дейін, қажет болған жағдайда ұзартылған мерзіммен жұмыстан босатылады.
Ал психолог Шынар Құсманқызының пікірінше, депрессия көбіне бос уақыты көп, күн тәртібі реттелмеген адамдар арасында жиі кездеседі.
“Адам белсенді қозғалыста болса, оның бойында депрессия пайда болмайды. Көбіне өзіне ғана көңіл бөліп, пайдалы іспен айналыспайтын жандарда мұндай жағдай жиі байқалады. Күн сайын түрлі шағыммен келетін жастардың көбі қалағанына қол жеткізе алмаудан күйзеліске түседі”, – дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, бүгінде әлем халқының шамамен 4 пайызыдепрессиямен өмір сүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, аурудың алдын алу және ерте диагностика жүргізу — қоғамның психикалық саулығын сақтаудағы маңызды қадам.
