«Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ Halyk Bank серіктестігінде 2025 жылдың 22 шілдесінде Семей қаласында қазақ журналистер үшін «Halyk»-пен қаржылық сауат» тақырыбына семинар-тренинг өткізді. Аталған семинарға Семей қаласы мен Абай облысындағы қазақша ақпарат тарататын БАҚ өкілдері қатысты.Семинар-тренингтің басты мақсаты — БАҚ өкілдерінің кәсіби шеберлігін арттыру.
Семинардың ашылуына аранйы келген Абай облысы әкімдігінің Ішкі саясат абсқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы Қазақ қоғамы үшін қаржылық сауатты арттыру аса маңызды екенін және Абай облысы әкімдігі тарапынан облыс тұрғындарының қаржылық білігін жетілдіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Halyk Bank Абай облыстық филиалының директоры Алмат Данкенов отандастарды қаржылық алаяқтардың құрбаны болмас үшін кибергигиенаны сақтау қажеттігін ескертті: «Кез келген азамат өзінің жеке деректеріне мұқият болуы тиіс. Қазір мобильді банкингті толық меңгермеген адамдарға алаяқтар TeamViewer, AnyDesk, RustDesk, Hopto Desk, RuDesktop-ты жүктеп алуды ұсынады. Ондай арбауларға алданбау қажет. Үлкен кісілер ұялы телефондарын балаларға ойнауға береді. Бұл да дұрыс емес. Кішкентайлар сырттан келген сілтемелерді басып, қауіпті сайттарға өтеді. Осының салдарынан жеке мәліметтер алаяқтарға қолжетімді болады».
Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының айтуынша, аталған жоба қазақ журналистермен қатар Қазақ қоғамының да қаржылық сауатын жетілдіруге сеп болады: «Түркітілдес журналистер қоры 2017 жылдан бері Халық банкімен бірге республикалық «Еркін сөз» байқауын өткізіп келеді. Биыл 9-рет болатын Байқауды ұйымдастыру барысында біз БАҚ өкілдерінің көпшілігі қаржылық сауатын жетілдіруге мүдделі екенін байқадық. Осыған орай, Халық банкінің басшылығына Қазақстанның барлық қаласында қаржылық сауатқа қатысты семинар-тренинг өткізуге ұысыныс білдірдік. Бұл ұсыныстың қолдау тапқанына қуаныштымыз. Өйткені семинарға қатысқан әрбір журналист өз отбасы, туған-туыстарымен бірге бүкіл Қазақстанның қаржылық сауатын жақсартуға үлес қосады».
Семинар барысында журналистер медиада жасанды интеллектті пайдалану, кәсіби этика, фотовизуализация: SnapEdit, Canva AI, deepfake және deepware, dата журналистика: Grok, Gemini, «YouTube-2025: жаңа трендтер», монетизация, кіріс көзін диверсификациялау т.б. туралы айтылды. Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен авторлық сайт ашып, ниша таңдап, контент қалыптастырды.
Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank серіктестігіндегі «Halyk-пен қаржылық сауат» жобасы 2024 жылы басталған. Жоба шеңберінде Қазақстанның 6 қаласы: Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент пен Түркістанда қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ өкілдеріне қаржылық сауатты арттыруға сеп болатын семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Биыл Орал, Қостанай, Семей, Тараз, Өскемен қалаларында жоспарланған. Семинарға қатысқан журналистер Түркітілдес журналистер қорының Halyk Bank-пен бірге 2017 жылдан бері қаржы тақырыбына өткізіп келе жатқан республикалық «Еркін сөз» байқауына қатыса алады. Байқау жеңімпаздары Алматыда өтетін марапаттау салтанатына шақырылады.
Түркітілдес журналситер қорының баспасөз қызметі.