Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөз жүргізді

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

 

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-болгар серіктестігін одан әрі нығайту тұрғысынан Румен Радевтің сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.

Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.

 

Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар елдеріміздің арасындағы серіктестік деңгейіне жоғары баға беріп, барлық салада байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.

– Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым, – деді Болгария Президенті.

Related posts

Алаяқтардың халықаралық желісі әшкере болды

editor

Деметрио Колачидің шеберлік сабағы өтті

editor

ОТБАСЫЛЫҚ ДЕМАЛЫСТЫ ТҮРКИЯДА ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫНДАЛЫҢЫЗ

ttjk