Қазақстанда жастар кәсіпкерлігі: негізгі кедергілер мен мүмкіндіктер

         Бүгінде кәсіпкерлік тек тәжірибелі бизнесмендердің ғана емес, жастардың да негізгі бағытына айналып келеді. Бұрын кәсіп бастау үлкен капитал мен байланыстарды талап етсе, қазір әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялардың дамуы бұл процесті әлдеқайда жеңілдетті. Қазақстандық жастар да осы мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін ашуға талпынып жүр. Алайда, кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың артуымен бірге түрлі кедергілер де кездеседі. Қаржы тапшылығы, білім мен тәжірибенің жетіспеуі, заңнамалық шектеулер – жас кәсіпкерлердің алдынан шығатын негізгі қиындықтар. Дегенмен, бұл салада қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық қорлар мен стартап экожүйелері де дамып келеді. Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігі қандай деңгейде және оны дамыту үшін қандай қадамдар қажет? Бұл сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

              Соңғы жылдары Қазақстанда жастар кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, елімізде тіркелген 1,5 миллионнан астам жеке кәсіпкердің жартысына жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Әсіресе, Алматы, Астана және Түркістан облыстарында жас кәсіпкерлердің үлесі жоғары. Жастар көбінесе сауда, қызмет көрсету және қаржы секторларында бизнес бастауға бейім. Бұл тренд олардың жаңа мүмкіндіктерге ашық екенін және тәуекелге барудан қорықпайтынын көрсетеді.

          Ел экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосқысы келетін азаматтар мен азаматшаларды мемлекет те өз назарынан тыс қалдырмаған. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көптеген жобалар жасалған. Оған дәлел “Бизнестің жол картасы 2025” бағдарламасы. Басты мақсаты —  жас кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету. Бағдарлама аясында:

•​Жас кәсіпкерлерге 2-5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беріледі;

•​Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер субсидияланады;

•           Егер жас кәсіпкердің кепілге қоятын мүлкі болмаса, мемлекет “Даму” қоры арқылы несие алу үшін кепілдік береді;

•​Бизнес оқыту және кеңес беру бағдарламалары ұйымдастырылады. Жастар бухгалтерия, заң, маркетинг сияқты салаларда тегін қызметтер ала алады.

Сол секілді “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама шеңберінде:

•​Жастарға 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант;

•​6%-бен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі;

•​“Бастау Бизнес” кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту мүмкіндіктерін ұсынады.

“Жас кәсіпкер” бағдарламасы:

•​200 АЕК-ке (шамамен 7 млн теңге) дейін грант;

•​Кәсіпкерлік бойынша тегін оқыту;

•​Жобаға сәйкес қаржылай қолдау көрсету.

“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы:

•​Өңдеу және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие;

•​Инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету.

“Ауыл кәсіпкерлігін дамыту” бағдарламасы (Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба):

•​Ауылдық жерлердегі жастарға жеңілдетілген несие (2,5%-бен);

•​Агроөнеркәсіптік кешендегі стартаптарды қолдау.

        Жас кәсіпкерлер бизнесті бастау және дамыту барысында түрлі қиындықтарға тап болады. Бұл мәселені тереңірек түсіну үшін жас кәсіпкер Бағжан Нұржігітпен сұхбат жүргізілді. Өз сөзінде,

Кәсіп бастағандағы өзім үшін қиындық — білімсіздік болды. Мен қайда барып не істеп, не қоярымды білмедім. Ит тұмсығы өтпейтін ну орманға көзімді таңып кіргенмен пара-пар дер едім. Осыған дейін талай кәсіптерге кіріп көрдім, бірақ ол салада білімсіздіктің әсерінен әртүрлі қиындықтарға тап болдым.Сол кезде білетін адамдардан, яғни сол жолды жүріп өткен адамдардан сұрауға көштім. Жалпы әлем бойынша ашылған 10 кәсіптің 9-ы алғашқы 1-3 жылда жабылады екен, оның басты себебі білімсіздік. Кәсіпті білетін адамнан білім алудан артық тиімділік жоқ. Білмейтін жолдың соқпағы көп деген мақалдың мәнін сонда түсінгендей болдым. Шыны керек кәсіпке келгенде бауырымнан басқа көмек берген ешкім жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар туралы білетінбіз, бірақ толыққанды пайдалану туралы ойланбадық. Ия, мүмкін, болашақта үлкен жобаларда пайдаланып қалатын шығармыз, бірақ қазірге менің ойымша  белгілі бір өзімізді қанағантандыратын деңгейге жеткенше осылай жүргеніміз жақсы деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда атап айтарлықтай қиындықтар жоқ, сол үшін өзіміздің ақылмен әрекет етіп алдыға жылжу тиімді деп ойлаймын,- дейді ол.

Өз кәсібін одан әрі жандандырып, қосымша қандай көмек пен өзгерістерді жас кәсіпкерлер қажет етеді?-, сұрағына да Бағжан Нұржігіт жауап беріп өтті,

Қолдау бізге алдымыздағы үлкен ағаларымыздан берілсе өте жақсы болар еді. Қазіргі таңда бәрімізге белгілі нарықта саны бар, сапасы жоқ курстар өте көп. Олардың басты мақсаты өздерінің бас пайдалары және олардың өнімдері жалпыға ортақ қол жетімсіз бағада. Ал шынымен пайдалы білімдер екінің біріне бұйыра бермейді. Сол үшін менің ойымша үлкен кәсіпкерлер жас буынға өздерінің ақылдарын беріп, жол көрсетіп, яғни құнын қол жетімді етсе. Немесе мемлекет тарапынан ұсыныстар болса. Мысалы, Жас кәсіпкерлерге орта және жоғары деңгейдегі кәсіпкерлер көмегін тигізген сайын, оларға мемлекет өз жеңілдіктерін ұсынса дер едім-. деген ұсынысын жеткізді Бағжан.

          Жастар кәсіпкерлігі – Қазақстан экономикасының дамуы мен инновацияның негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Мемлекет тарапынан ұсынылған қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген несиелер мен білім беру курстары жастардың бизнесті бастауына үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, қаржылық тұрақсыздық, білім мен тәжірибенің жетіспеуі, бәсекелестік сияқты қиындықтар ба бар. Жас кәсіпкерлердің жетістікке жетуі тек мемлекет қолдауымен ғана емес, олардың өз бастамасы мен табандылығына да байланысты. Кәсіп ашуда ең маңыздысы – үздіксіз ізденіс пен білім алу. Тәжірибелі кәсіпкерлермен байланыс орнатып, нарықтық жағдайды сараптап, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы ғана жастар өз ісін дамытуға жол аша алады. Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігінің болашағы зор. Олардың идеялары мен батылдығы ел экономикасына жаңа серпін беріп, инновациялық жобалардың артуына ықпал етеді. Ең бастысы – кәсіпке жауапкершілікпен қарап, өз күшіне сену!

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті Нұрай ДАУКЕН.

Related posts

ТҮРКИЯ: жыл сайын — 40 миллион турист

ttjk

Ұйықтап қалған досының телефонынан несие ресімдеген

editor

Электр энергиясының бағасы қымбаттайды

editor