Биыл Түркияда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектейтін жаңа қаулы күшіне енеді. Жаңа заңға сәйкес, жас қолданушылар әлеуметтік желілерге тек ата-аналарының немесе қамқоршыларының жазбаша рұқсатымен ғана тіркеліп, пайдалана алады.
Үкімет бұл шараны балалардың психикалық денсаулығын қорғау, кибербуллингтің алдын алу және зиянды контенттің әсерінен сақтау үшін қажет деп түсіндіреді. Инициатива гаджеттерге тәуелділікті азайтуға және жастарды офлайн өмірге белсене қатысуға ынталандыруға бағытталған.Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу әлем елдерінде әлеуметтік желілерге қолжетімділік жасы 13 пен 16 жас аралығында шектелетінін айтты.
«Бұл процесс тиісті министрліктер мен мекемелердің бірлесуімен жүзеге асып жатыр. Біз 16 жасқа назар аударып, балаларымызды инстинктивті түрде қорғау бойынша жұмыстар жүргізудеміз. 16 жастағы жасөспірімдер білім алуға және дамуға көбірек уақыт бөлуі тиіс. Әлеуметтік желілерге еркін қолжетімділікті Түркияда 16 жастан асқан балаларға ғана береміз», деді министр.
Құзыретті органның хабарлауынша, мұндай шешім психологтар кеңесіне және осындай шектеулердің тиімділігі дәлелденген басқа елдердің тәжірибесіне негізделіп жасалып жатыр.
Әлеуметтік желі платформалары жас ерекшелігін және ата-аналардың келісімін тексеретін арнайы механизмдер енгізуге міндетті болады деп күтіледі. Ал талаптарды бұзған компанияларға айыппұл салынады. Бұған дейін Түркияда әлеуметтік желілерді пайдалану жасына шектеу енгізу және 13 жасқа дейінгі балаларға смартфон қолдануға тыйым салу жоспарланып жатқаны туралы хабарланған болатын.