Жеке тұлға банкроттығы: мәселенің мәнісі

Ежелгі Рим империясында қарызға бат­қан адамдар өзін немесе отбасы мүшелерін кре­дитордың құзырына өткізуге мәжбүр болған деседі. Қарыз алушының өмірін толықтай бақылауға мүмкіндік беретін жүйе «Нексум» деп аталған. Мойнындағы борыштан құтылмаса, ғұмырының соңына дейін тәуелді болып қала береді. IV ғасырда жойылған осынау жүйе бас­қаша кейіпке еніп, қазіргі кезде де жалғасып жатқан секілді…

Қарыз қамыты қасірет пе?

Америкалық журналист, әлеуметтік сыншы Менкен «Қарыз алу – болашағыңды сату» десе, француз жазушысы Гюго «Қарызға кірген адам бостандығынан айырылады» дейді. Кейбір экономистер «Нарық заманында несие – қалыпты үдеріс» деген уәж айтады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) дерегінше, қазір 8,4 млн отан­да­сымыздың басында қарыз бар. Оның 1,5 млн-ы несиесін төлей алмаған. Ішкі істер ми­нистрлігінің мәліметінше, былтыр берешегінен құтылудың ама­лын таппаған 13 адам өз-өзіне қол жұмсап, 40 адам қылмысқа барған. Тұрғындардың 83%-ы несиемен күн көреді. Еңбекте­ген баладан, еңкейген қартқа дейін «кредит төлеу керек» деп күрсінеді.

– Несие жұрттың бағы ма, соры ма? Бұл сұраққа біржақты жауап жоқ, ешқашан болмайды да. Несие алып мәселесін реттеген, білім алған, кәсібін дөңгелеткен, баспанасына кіріп алғандар бар. Бірақ оны қайтара алмай, онлайн қарыз, микроқаржы ұйымдарына кіріптар болып, қарыздан қарызға батқандар да бар. Біреуге несие мүмкіндік болса, біреуге сор, – дейді сарапшы Айбар Олжаев.

Айтуынша, елімізде үлкен криминалды нарық пайда болған. «Қарыз беруші фирма – нотариус – коллектор» схемасы бойынша ұйымдасқан жүйе қанатын жайып алған. Сондықтан тез арада коллекторлық нарықты жою керек.

– Сот орындаушылары ғана жұмыс істеп, микроқаржы мен онлайн қарызға тыйым салған дұрыс. Егер тыйым са­лын­ған уақыттан кейін ондай фирма қарыз берсе, ол қарыз емес, материалдық көмек деп танылып, сот борышкерді қолдауға тиіс. Онлайн фирманың өзі кінәлі деп танылсын. Сол кезде барлық онлайн фирма банкрот болып, нарықтан кете бастайды. Нотариустарды онлайн фирмаларға да, микроқаржы ұйым­дарына да мүлдем жолатпау керек. Олар­ға атқарушы парақ шығаруға тыйым са­лып, егер ондай әрекеті байқалса, ли­цен­­зия­ларынан айы­ру қажет, – дейді сарапшы.

Банкроттық – соңғы шешім

Үрейлі үрдіс алқымнан алып бара жатқан соң, 2022 жылы Мемлекет басшысы «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойған. Құжат 2023 жылғы 3 наурыздан бастап күшіне енді. Дәл қазіргі көрсеткішке сәйкес, 122 мыңнан аса азамат құжат тапсырған. Олар екін­ші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдары мен коллекторларға қарыз. Дегенмен жүгінгендердің 78%-ның өтінімі қабылданбай, кері қайтарылған. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Меруерт Сейсембаева мұны былай түсіндіреді.

– Мүлкі анықталып, заңда көрсетілген негіздерге сәйкес келмейтіндіктен өті­нім­дер кері қайтарылып жатыр. Өзін соттан тыс банкрот деп танығысы келетін азаматтардың берешек сомасы 5,9 млн теңгеден аспауы қажет. Ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, өтінім берушінің атында үй мен жер болмауға тиіс. Сонымен қатар несиесін кемінде 12 ай төлей алмағаны расталу керек, – дейді басқарма басшысы.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев банкроттық зиянын алдымен жеке тұлғаның өзі көреді дейді. Себебі өзін банкрот деп жариялаған азамат 5 жылға дейін несие ала алмайды. Жұмысы мен тапқан ақшасын 3 жыл бойы уәкілетті орган үстінен тексеріп отырады. Яғни жеке тұлға қаржылық бостандығынан айрылады. Сондықтан бұған «соңғы шешім» деп қана қарау қажет.

– Мысалға, 5 миллионнан 500 мың теңгеге дейін қарызы бар азаматты алайық, әрине, егер сол ақшаны қайтара алмай жүрсе, өзін-өзі банкрот деп жариялау шарасына жүгіне алады. Әуелі қарыз берген қаржы ұйымына барып, «жағдайым нашар, төлей алмаймын, пайызын алып таста, кейінірек төлейін» деген ұсыныс қалдырады. Егер қарыз беруші, яғни микроқаржы ұйымы немесе банк келіспесе, онда ол ҚНРДА-ға арыз беріп, кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, істі бастайды. Ол азаматқа қатысты «банкрот» не «банкрот емес» деп шешім шығаратын – Қаржы министрлігі. Мұндай шешім 3 айда шығарылады. Жалпы, банкрот деп тану шарасы ұзаққа созылатын, күрделі үдеріс. Мұны оңай амал деп қарастырған дұрыс емес, – дейді сарапшы.

Соттан тыс банкроттыққа өтінім «Egov» пен «Tazalau» порталы арқылы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету ор­та­лығы арқылы қабылданады. Сот банк­роттығына тұрғылықты жердегі сот мекемесіне барып өтінім беруге болады.

Жамал апа неге жылады?

61 жастағы Жамал апамен телефон арқылы сөйлесіп отырмыз. Алаяқтар ақкөңіл апаны 4 млн теңге қарызға батырып кеткен.

– Алматыда тұрамын. Алаяқтар осы­дан біршама жыл бұрын қарызға кір­гізіп, алдап кетті. Жұмыста отыр едім, қа­лай несие рәсімдегенімді өзім де ұқ­пай қалдым. Көзтаныс болған жап-жас жігіттер телефоным арқылы қымбат техниканы несиеге алып тастады. Цифрлы заманның тілін түсінбеген соң, қиын екен. Айналасы 30 минуттың ішінде қарызға белшемнен баттым да, қалдым. Содан кейін олар ұстатпай кетті. Несиені екі жыл өзім төлеп жүрдім. Қаржылық жағ­дайым да, денсаулығым да нашарлады. Сөйтіп, төлей алмай қалдым. Сомасы 4 млн теңгеге дейін өсіп кетті. Барлық шотым жабылып, коллекторлар күнде мазамды алды, – дейді зейнеткер.

Шотына түскен 300 мың зейнетақы­сы­ның 230 мыңын қаржы ұйымдары шегеріп қалып отырыпты. Банкроттық туралы естіп, екі рет өтініш берген, екеуі де мақұлдау таппаған. Мемлекеттік кірістер департаменті көмегімен үшін­ші өтініші қабыл болып, барлық қа­рызы кешірілген. Зейнеткер енді зей­нетақым­­ды түгелдей алатын болдым деп қуанып отыр.

Қазір қулардың құрығына түсіп, банк алдында борышкер болып шыға келе­тін­дер­ден көз сүрінеді. Мұндай жағ­дайда қо­лыңызда тым болмаса қолхат бол­ғаны жақсы дейді заңгер Алмаз Утаров. Әйт­песе мәселенің күрмеуі қиын­дай түс­пек.

– Алдансаңыз, заң жүзінде қандай дұрыс әрекет жасау керек? Ең алдымен, құзіретті өкілдерге барып немесе «E-otinish» порталы арқылы полицияға ҚР ҚК 190-бабы негізінде қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазу керек. Сізді жәбірленуші ретінде тану туралы қаулыны алу қажет. Содан кейін сол құжатты несие немесе микронесие алынған қаржы ұйымына апарып тапсырасыз. Аталған қаулыны алған қар­жы ұйымы сізге қатысты барлық өндіріп алу шарасын тоқтатуға тиіс. Кінәлі тұлға анықталып, күшіне енген сот үкімін алған қаржы ұйымы сіздің қарызыңызды толық кешіруге тиіс. Бұл өзіңіз несие алу үдерісіне қатысып, алып берген несиелерге жүрмейді. Өз еркіңізбен алып берген жағдайда, қолыңызда нақты құжат болмаса, ешқандай амал жоқ. Сондықтан қаржыға қатысты маңызды шешім қабылдарда міндетті түрде нота­­риус­қа барып, қолхат жасатыңыз. Ең алдымен құқықтық сауаттың болуына назар аударыңыз, – дейді заңгер.

Жыл басынан бері елде интернет алаяқтықтың 10 мыңға жуық дерегі тір­келген. Былтырмен салыстырғанда 4,1%-ға көп. Бас прокуратураның құқық­тық статистика комитетінің мәліметінше, алаяқтықтың кең тараған түрі – фишинг. Яғни банк карталары мен өзге де деректердің ұрлануы. Мұндай қылмыс жыл басынан бері 2,5 мың рет тіркелген.

– Таныс емес телефон нөмірінен хабарласса, телефонды көтермеңіз. Тіпті, «WhatsApp», «Telegram», басқа да месенд­жерлер арқылы таныс емес тұлғалар хабарлама жіберіп немесе телефон шалса, оларға да жауап бермеңіз. Банк картаның фотосын ешкімге жолдамаңыз. Екінші деңгейлі банктер ешқашан «күдікті операцияны тоқтату, оның алдын алу мақсатында» немесе басқа да бір себептермен сізден смс-код сұрамайды. Бұл жерде қатаң талаптар сақталуы керек. Онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз. Банк картасының деректерін, шот нөмірін, қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз. Банктердің күмәнді сілтемелерін ашпау, күмән туғызған сілтемеге кіріп, жерге жеке мәліметтерді енгізбеу, бейтанысқа ақша аудармау өте маңызды. Егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қой­са, дереу банкке немесе полицияға хабар­ласыңыз, – деді заңгер.

«19 жастағы қызда 5 млн теңге қарыз бар»

– Бізге 2005 жылғы қыз келді. Басында 5 млн теңге қарызы бар. Осы жерде сұрақ туады: 19 жастағы қызда осыншама қарыз қайдан жүр, кім берді? Банктер несиені 21 жастан бастап беруге тиіс емес пе? Демек, микроқаржы ұйымдарынан алып отыр. Біз бұл қызға көмектесе алмадық. Себебі соттан тыс банкроттықтың талаптары­на сай келмеді, – дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Мұса Ермек. Айтуынша, микроқаржы ұйым­да­рына ешқандай регламент қойылмай отыр. Нарық еркін, шектеу жоқ.

– Пайызды аспаннан алып қоя береді. 18-ге толған адамға бірден несие беріледі. Ең сорақысы – клиенттерінің артынан астыртын айлаға баруы. Мысалы, қарыз бір жыл бойы төленбеген жағдайда ғана банкрот бола аласыз дедік қой. Енді осы жерде микроқаржы ұйымдары қулыққа басады. Қалай? Кей адамдар алдымызға келіп, «Менің өтінішім өтпей қалды. Қарызға ай сайын ақша салынған деп шығып тұр. Бірақ мен мүлдем төлей алмаған едім», деп шыр-пыр болады. Сөйтсек, бұлар (қаржы ұйымдары – ред.) несие банкроттыққа өтпесін деп клиенттің қарызына ай сайын 200-300 теңге салып отырады екен. Енді қазір бұл заңға толықтырулар жасап, бір айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 3 692 теңгеге дейін төленген ақшаны есепке алмайтын болдық, – дейді жанашыр жігіт.

Қаржы сауатынсыз күн қараң

Мамандар пікірінше, қарыз жүк­темесінің шамадан тыс артуына – ел арасында қаржылық сауат деңгейінің төмендігі мен мен қаржы ұйымдарының агрессивті жарнамасы себеп (қазір сатып ал да, артынан төле). «Ranstad USA» зерттеуінше, адамдардың 59%-ы бюджетін бақыласа, қаржылық күй­зе­ліс­ке түсу ықтималдылығы едәуір азаймақ. «Cambridge University» зерт­теулері көрсеткендей, балалардың қар­жыға қатысты негізгі дағдылары 7 жасқа дейін қалыптасады. Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев та солай ойлайды.

– Өкінішке қарай, қаншама адам жалақыдан жалақыға дейін өмір сүреді. Содан жаппай несиеге ұрынады. Көбі қарызды алуын алып, қалай қайтаратынын ойла­майды, өз бюджетіне енгізбейді. Бюджет – қаржылық сауаттылықтың негізгі кезеңі. Жеке бюджетті бақылап, кіріс-шығысты есептеп, мақсаттарды анықтаған жөн. Мысалы, пәтер немесе көлік сатып алуды жоспарласаңыз, қанша ақша жинау қажеттігін алдын ала есептеген маңызды. «Excel» секілді құралдар бюджетті қадағалауға, қаржы тәртібін қалыптастыруға көмектеседі. Тиімді мобильді қосымшалар да бар. Жинақ ақшаны қалай басқаруды білу қателіктен сақтайды. Депозит ашу – жинақ ақшаны көбейту жолындағы ақылға қонымды шешім. Егер ата-ана бюджетті дұрыс басқармаса, несиемен өмір сүрсе, балалар да осы қателікті қайталайды, – дейді сарапшы.

ҚНРДА мәліметінше, биыл тамызда халыққа берілген несие 2%-ға ұлғайып (жыл басынан бері 14,8%-ға), 19,2 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде тұтынушылық несие көлемі – 12,6 трлн теңге. Азаматтарды алашапқынға түсіріп, банкрот болуға мәжбүрлеп жатқан да – осы 12,6 трлн теңге. Бұл ретте 90 күннен асып төленбеген берешек (NPL90+) сомасы – 1,0 трлн теңге (несие портфелінің 3,1%-ы). Қысқасы, халықтың мойнында қарыз көп, бірақ оны азайтатын да тетік табылды, ол – жеке тұлға банкроттығы. Ал банкрот атануды сиретіп, қарыз жүктемесін азайтатын бірегей мүмкіндік – қаржылық сауаттың артуы.

https://egemen.kz/article/374464-zheke-tulgha-bankrottyghy-maseleninh-manisi

 

Елігімай ТӨҢКЕР

Related posts

«ЕРКІН СӨЗ»-2024 ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫ

Назия Жоямергенқызы

ҚАНДАЙ БАНКТЕН НЕСИЕ АЛҒАН ЖӨН?

ІШКІ ӨНДІРІС ДАМЫМАЙЫНША ИНФЛЯЦИЯНЫ ЖЕҢЕ АЛМАЙМЫЗ