. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Оңтүстік Жезқазған» кенішінің №65 шахтасының 200-ден астам қызметкері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Олардың басты талаптары – жалақыны көтеру. Компания әкімшілігі жалақыны көтеруді талап етіп ереуілге шыққан жұмысшылармен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәліметке сенсек, олар алдымен жалақыны 30%, біраз уақыттан кейін 100% көтеруді сұраған. Кәсіпорын әкімшілігі 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақыны 8,5% индекстеуге уәде берді. Компания есебіне сәйкес, келесі жылы қызметкерлер айына орта есеппен 822 мың теңге табыс табады. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жарияланған. Компанияның хабарлауынша, корпорация 2020 жылдан бастап жыл сайын жалақыны көтеріп келеді.
«Осы кезеңде жалақының орташа деңгейі 151%-ға – 2020 жылғы 326 196 теңгеден 2025 жылға арналған ағымдағы болжамдарға дейін көтерілді. Бұл 2,5 есеге өсуге сәйкес келеді», делінген хабарламада. Ал жалақының одан әрі күрт өсуі компания шахталарының рентабельділігіне қауіп төндіруі мүмкін делінген берілген мәлімдемелерінде. Жалақыны көтеруден басқа, 2025 жылдан бастап 2025-2029 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шарт күшіне енеді. Шартта материалдық көмек пен өтемақы мөлшерін ұлғайту, даму ерекшеліктері бар балалардың ата-аналарына қосымша жеңілдіктер, балалар демалысы бағдарламаларын кеңейту, барлық қызметкерді ерікті медициналық сақтандырумен қамту мәселесі қарастырылады. Компания өз жұмыскерлері үшін еңбекті жақсартудан басқа, Сәтбаев пен Жезқазған қалаларына қомақты инвестициялар жүргізуде, осылайша 2023-2024 жылдар аралығында өңірдің 10-нан астам объектісіне 30 млрд теңгеден астам инвестиция салынды.