Жазушы, драматург Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы Түркияда сахналанды.
Актердің сахнадағы өнері мен шынайы өмірдегі қарама-қайшы тағдыры сомдалатын спектакльді жергілікті жұрт жылы қабылдаған. Мазмұны терең заманауи пьесамен танысқан Трабзон өнер театрының көркемдік жетекшісі Нежеати Зенгин жазушының туындысын түрік сахнасына шығаруды бірден қабылдауға шешім қабылдаған көрінеді.
«Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, жылда ұдайы түрде түркі дүниесінің театр саласындағы шығармаларынан құралған жинақ шығарады. Әрбір санын асыға оқимыз. Сол жинақта «Адасқан жұлдыз» жарияланды. Оқыдым. Пьесадан қатты әсер алдым. Туындыда Қазақстандағы кеңестік дәуірден өтпелі кезеңге өтуі кезіндегі адамдардың экономикалық жағдайы, өнер мен мәдениетке көзқарасы баяндалады. Бұл менің ойымша, бәріне ортақ тақырып. Бір-екі жыл бойы ойымда болды. Биыл, міне, сәті түсті. Нұрғали мырзамен сөйлесіп, 2-3 ай ішінде осы қойылымды дайындадық. Біздің ең үлкен арманымыз – осы қойылымды Қазақстанда көрсету», дейді Нежеати Зенгин.
Ал автордың сөзінше, «Адасқан жұлдыз» пьесасы 2010 жылы елімізде өткен «Тәуелсіздік толғауы» бәйгесінде жүлделі орынға ие болған.