Көк жәшік ішіндегі әлемнің қоғам санасына әсер ететін құрал екені ақиқат. Ондағы әрбір сөз көрермен жүрегінен ойып орын алып қана қоймай, кез келген жасты тәрбиелеуге жұмыс істейді. Олай болса телерадио әлеміндегі 27 жылдық тәжірибесі бар, белгілі тележүргізуші, диктор әрі айтыскер ақын, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Шалқар радиосының аға редакторы Бақыт Жағыпарұлымен сұхбаттасқан едік.
— Бақыт аға, әңгімемізді журналистика саласына қалай келгеніңізден бастасақ…
— Мен осы өздерің білім алып жатқан Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алдым, ол кезде театр және кино институты деп аталатын. 1997 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинотанушы Бауыржан Рамазанұлы Нөкербеков шеберханасында кинотанушы-редактор мамандығы бойынша диплом алдым. Ал 4-курс оқып жүргеннен радионың кейбір хабарларына, шағын сұхбаттарына қатыса бастадым. Ағайымызбен ел назарына ұсынылған кинолардың сценарийлерін талқылайтынбыз. Сонда Бауыржан ағай соларды маған оқытатын, ал Камал Сейітжанұлы Смайыловқа Бауыржан ағай айтып отыратын: «Кәмеке, осы бала түбі радиоға барады-ау», — деп. Ол кезде бірақ оған мән берген жоқпыз. 1997 жылы институтты бітіргеннен кейін мені іздепті: «Жастарға орын бар, радиоға келе ме?» — деп. Сөйтіп, 1997 жылы алғаш радиоға келіп, іс-тәжірибеден өтіп, тапсырмалар орындап, шағын репортаждар жасап, Қазақ радиосына жұмысқа тұрдым.
— Бұл саладағы еңбек жолыңыз қалай өрбіді?
— 2001 жылдары Қазақстан Ұлттық арнасында “Таңшолпан” бағдарламасында жүргізуші болдым. Кейін НТК арнасында ақпарат редакциясында жұмыс атқардым. 31 арнада “Дода” ток-шоуында редактор болып, 2006 жылы қайта Қазақ радиосына келдім. Содан 2006 жылдан қазіргі күнге дейін 18 жыл жұмыс істеп келе жатырмын, жалпы телерадиода 27 жыл қызмет атқарып келемін.
— Өмірлік тәжірибеңізде үлгі тұтатын адамыңыз?
— Бізге дейін және бізден кейінгі әрбір журналисттен үлгі алуға болады: оның эфир жүргізу мәдениеті, үлгісі, дауысы, эфирге дайындығы. Тіпті өздерің секілді енді бастап жатқан жас журналистерден де үлгі алуға болады. Бұл өмір сен баспада істесең де, теледидарда істесең де, мұғалім болсаң да — өмір бойы үйрену керек. Қазақстанның халық әртісі, белгілі сазгер Дәнеш Рақышев шәкірттеріне: «Орайы келгенде шәкірттен де үйренуге болады», — дейтін. Әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті Аманжан Еңсебайұлы деген ағамыз бар, қазір 74 жаста. Осы кісі мен үшін үлгі-өнеге.
— Қазір цифрлық ақпарат беру дамып келеді. Осы орайда радионың болашағын қалай елестетесіз?
— Бұл өзі қоғам дамыған сайын қалмайтын тақырып, болашаққа да жалғаса береді. Теледидар келгенде радионың болашағы бұлыңғыр дейтін, бірақ қазақ тарихында ақпарат берудің атасы — «Қазақ» радиосы екенін жоққа шығаруға болмас.
— Бақыт аға, артыңыздан еріп келе жатқан жас журналистерге қандай кеңес бересіз?
— Үлкендердің «оқу керек» деп айтатыны тегін емес. Сондықтан адам баласы мына өмірге келген соң өмірін ізденумен, оқумен өткізу керек. Себебі адамның өмірі ізденумен, оқумен өткені абзал. Адам ізденіп қана қоймай, әр нәрсені жан-жақты салыстыру қажет. Сен ертең газетке барасың ба, жоқ әлде интернет-журналисі боласың ба, әйтпесе радиоға келесің бе — жинаған ақпаратыңды салыстырып, менің қайсына икемім келеді деп саралаған жөн. Мына Омархан Қалмырзаев ағамыз айтатын: «Сен микрофон алдында отырғанда, менің дауысым бар екен деп айқайлап сөйлеме, өз дауысыңмен сыбырлап қана сөйле», — деп. Микрофон деген құдірет: дауысыңды сіңіріп алып, миллион адамға жеткізеді, ал сен сол кезде «Мен миллион адамға сөйлеп тұр екенмін» деп тағы айқайлаушы болма! Сен тек бір адамға сөйлеп тұрмын деп ойла. Анау ауылдағы радиоға құлағын төсеп, қазір менің балам эфирге шығады деп сарғайып отырған анаңа ғана айт. Сен анаңа арнап берген хабарды миллиондаған адам тебіреніп тыңдайды. Қандай сала болсын, адам махаббатпен айналысса, онда сен өз салаңның майталманы боласың.
Сұхбаттасқан:
Ержігіт Мұратұлы, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті