Сахна тілі — театрдың айнасы

Сөздің эстетикалық мәнін күшейтіп, әсерлі, бейнелі етіп көрсетуде асқан шеберлік қажет. Бұл болмысты әсерлеп, өрнектеп бейнелеудің құралы. Бүгінде осы бір өнер мен білімнің үйлесімін тауып, сөздің көркемдігін көзімен ғана емес, жанымен сезінгендер аз емес. Олардың бірі — “Сахна тілі” пәнінің оқытушысы және Балаларға арналған Өнер орталығының атқарушы директоры Баян Даулетқызы. Сөз сөйлеу жанры әртісінің өнер жолына келуі оқырман үшін қызық. 

 — Сіздің Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түсуіңізге және мамандығыңызды таңдауға не түрткі болды? Бала кезіңізден театр және сөз сөйлеу өнеріне деген қызығушылығыңыз бар ма еді

 — Әдебиетке деген қызығушылықты нағашы әжем бала кезімнен-ақ бойыма сіңдірген екен. Оны есейе келе түсіндік. Әр айтқан ертегілері санамда әлі күнге дейін сақтаулы. Шынымды айтсам, иә бала кезімнен армандаған едім. 9-шы сыныпта театр әлеміне ерекше қызығушылығым оянып, нақты шешім қабылдап, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-колледжіне түспекші болғанмын. Алайда, ол ойым жүзеге аспады. 11-ші сыныбыңды аяқтауың қажет деп, әкем ол ойыма үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтіп, әкемнің айтқанын орындадым. Бірақ өз шешіміме қарсы келмедім. Әдебиетке жақындығымның арқасында ғой, осы Өнер ордасына аяқ басқаным. Ал,мамандық таңдауға келсек,  2014-те мектепті аяқтадым. Бірақ дәл “Сөз сөйлеу өнері” 4 жылда бір рет қана қабылдайды екен. Сөйтіп, 1 жыл күтіп, 2015-те Дариға Тұранқұлова шеберханасына келдім. Арманыма бір қадам жақындап, Қара шаңырақтан тікелей білім алдым. 2-ші курстың басында “Сен білім жолында жүретін қызсың”- деп маған жол көрсетіп, бағыттап-баптап, ғылым жолына жол сілтеген, шәкірт тәрбиелеуде еңбегі орасан зор, Көркем сөздің зергері ұстазым Дариға Тұранқұлқызы болатын.

 —  “Сөз сөйлеу жанрының әртісі” мамандығының ерекшеліктері неде? Театр өнері мен сахна тілі арасындағы байланысты қалай сипаттар едіңіз?

 — Бұл саланы игеріп шыққан әр маман иесінде бірнеше таңдаулар болады. Яғни жан-жақтылық: театрға да, кино әлеміне де, телевизия саласына да, конферансьеге де, радио жүргізушісі, дубляж саласында да қызмет атқара алады. Осы саланы бітірген мамандар жан қалауымен қызмет жасап,табиғатына жақын өнерін дәріптеп, таланттарын шыңдап жүр. Ерекшелігі осында деп ойлаймын. Театр ұжымдық өнер. Ол мәдениетімізді айшықтайтын киелі кірпияз әлем десем артық айтқандығым емес. Сахнаның құдіретін түсінетін кәсіби маман үшін Сахна тілінің де маңызы зор. Сахнаға шығып, айтып жатқан сөздері түсініксіз, образ жасауын жасап алып көрерменге назар салмай, жаттанды сөздерді зырылдатып, сөзінің соңын жеп қойып айтып шығу актерлерге үлкен сын. Ал, осыларды болдырмау үшін театр саласында Сахна тілі маңызды рөл атқарады. Егіз ұғым іспеттес. Тіл — халқымыздың айнасы болса, театр саласында да Сахна тілі дәл солай.

 —  Қазіргі уақытта өз мамандығыңыз бойынша ұстаздық ететініңіз бізге мәлім. Бұл жолға қалай келдіңіз, ұстаздық ету бойыңызда қандай жаңа қырлар ашты?

 — Бастапқы да айтқанымдай Білім саласына келуіме өнер жолындағы ұстазым Дариға Тұранқұлқызы себепкер болды. “Сенің бойыңдағы талабыңды шыңдаймын. Оқытушылықты қолға ал. Оның жүгі ауыр. Ал, театр сахнасына әрқашан да есік ашық. Ол сенің тікелей мамандығың. Қалаған кезіңде таңдау бола алады”-, деп ол кісі ерінбей шәкіртін яғни мені ұстаздық бағытқа тәрбиеледі. Ұстаз болу — үлкен жауапкершілікті, біліктілік пен ізденісті керек етеді. Алдыңа келген әр шәкірттің үмітін сөндірмей, сәулесін аша білу керек екенін ұғынасың. Біздегі білім беру жүйесі өзгелерден тым бөлек қой, шіркін! Әр оқушыңды зерттеп, оның бойындағы потенциалын ашып жаныңды саласың. Былайша айтқанда ізгі қасиеттеріңмен тәрбиелейсің. Бойыңа дарыған өнеріңді саналылыққа ауыстырады екенсің. Соны ұғындым.

 —  Шынында, өзіңізден тәлім алған шәкірт ретінде айтсам, қолдау сөздеріңіз сөніп бара жатқан шырақты қайта жаққандай сезім сыйлайды. Осы тұста жас өнерпаздарға өнерді үйретуде қандай әдістерді қолданасыз және олар үшін сахна тілі мен актерлік шеберліктің маңыздылығын қалай түсіндіретініңіз жайлы айтып өтсеңіз.

 — Еститін құлақ, қабылдайтын санасы бар өнерлілер үшін өзімдегі бар білімім мен тәжірбиеммен бөлісуге әрқашан дайынмын. Ішке бүгіп қалмаймын дегенім ғой. Мендегі әдіс өнер жолындағы студенттерге еркіндік беру яғни таптаурындыққа (штамп) салғызбау. Әр оқушының дара екенін бойларына сіңдірту. Жалпы сахнада сөйлеу күрделі әрі үлкен өнер. Сол өнерге жаныңды беріп,еңбектенсең ғана ісің оң болады. Оқыту бар да, көкейге тоқыту бар. Ол дегеніміз ұстаз бағыт-бағдар беруші, шәкірт ізденуші. Қазіргі таңда жастарымыз көп нәрсеге бас ауыртқысы келмейді. Кітапқа қызығушылығы жоқтың қасы. Ал, ол үлкен қасірет. Сахна тілі мен Актерлік шеберлік екеуіде бір-бірімен тығыз байланысты. Театр — өмір шындығын бейнелейтін ерекше ұғым. Сөйлеу техникасын ұқыпты меңгерген актер ішкі дүниесін сөз арқылы ашып,баяндайтын көркем шығармасында бейне сомдай алады. Ол дегеніміз көрермен назарына ілігу.

 — Жалпы осы салаға қызығып, білім жинап жүргендерге сахна тілін меңгеру барысында қандай басты кеңес бересіз?

 — Бабалар тілін бағалай білейік дегім келеді. Сахна тілін меңгеру үшін күнделікті жаттығу жасау өте маңызды. Мысалы, тыныс алу техникасын дұрыс игеру, артикуляциялық жаттығулар жасау және көркем мәтіндерді оқу арқылы тілді жаттықтыру қажет. Сондай-ақ, қазақтың бай тілін тереңірек түсіну үшін әдеби шығармаларды жиі оқып, олардың тілдік ерекшеліктерін зерттеу керек.

 — Кәсіби мансапта  ең есте қалған, әсерлі естелігіңізбен бөліссеңіз

 —  Ең әсерлісі 1-ші курс болып академия табалдырығын аттап басқанымыз сол еді. Жетекшіміз бірден М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрдың сахнасына шығарғаны. Сол сәт мәңгілікке жадымда ерекше естелік болып сақталды. Одан соң дипломдық қойылымды Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналадық. Ол да өз алдына ерекше естелік.

 —  Болашақта өнер мен білім беру салаларында қандай жобаларды іске асырғыңыз келеді

 — Көкейімде жүрген бір үлкен игі-мақсатым бар. Сахна тілін тек академия мен өнер университетіндегі білім алушыларға ғана жүктемей, жалпы басқа да білім ордаларындағы осы сөз өнерін дәріптеуде білім алып, ізденіс жолында өздерін шыңдап жүрген студенттерге де өнер-білім үйренудің жөні бөлек екенін ұғындыруымыз қажет деп ойлаймын. Ол үшін үлкен табандылық пен ізденістің өзіме де керек екені сөзсіз. Бәлкім сол қиялымдағы мұнарам жүзеге асып та қалар…

 —  Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! 

Сұхбатасқан: 

Нұрай ДАУКЕН, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Компьютерлік технологиялар кафедрасы, Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті

 

 

Related posts

ТЕЛЕВИЗИЯНЫҢ ТАРЛАНЫ — КҮЛБАНУ ЖӘКЕНОВА

«ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫ»-2020

ttjk

ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТҮРІКШЕГЕ АУДАРЫЛДЫ

ttjk