Ақтаудағы перзентхана мен балалар жұқпалы аурулар ауруханасының науқастары су тапшылығына шағымданды.
Ақтаудың 1-шағын ауданындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен 26-шағын ауданындағы перинаталдық орталықта науқастар суық судың жоқтығынан қолайсыздық көріп отыр. Балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы науқастардың айтуынша, су тоқтағанына екі күн болған. Су тапшылығы науқастарға күтім жасауды қиындатып жатыр.
Тұрғындардың сөзінше, ластанған киімдер үйіліп қалған. Тіпті шай ішетін су жоқ. Санитарлар су әкелу үшін бес литрлік бөтелкелерді пайдаланып жүр. Ал перинаталдық орталықта суық су үш күннен бері жоқ. Науқастар ыстық судың түсі лайлы, қара түсті екенін айтқан.
«27 қазанда ауыр босандым. Маған және басқа әйелдерге гигиеналық процедуралар қажет. Қол жууға мүмкіндік жоқ. Суды дүкеннен өзіміз сатып алып отырмыз. Ал операциядан кейін жаңа туған сәбиімен жатқан әйелдерге тіпті қиын», дейді науқастардың бірі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық аурухана бұл жағдай бойынша түсініктеме беруге уәде етіп отыр.