Көлік министрі сотқа шақырылды

Бүгін Үкімет отырысынан кейін брифинг өткізген Көлік министрі Марат Қарабаевқа журналист Ботагөз Омарова сотқа беретінін мәлім етті.

Журналист көлік министріне «Сіз өміріңізде журналистермен соттасып көрдіңіз бе?» деп сұрады. Тосын сауалға министр «Жоқ» деп жауап берді. Бұдан кейін журналист «Онда, мен сізді сотқа беретін тарихтағы алғашқы журналист болатын шығармын. Өйткені, сіз Қарағандыда 500 жұмыс орны ашылатын зауыт салынады деген құжатқа қол қойдыңыз. Бірақ, сіз Қарағанды облысының халқын алдап соқтыңыз. Зауыт салынған жоқ. Заңды бұза отырып, жер қойнауын пайдалануға лицензия бердіңіз. Қазір зауыт салынбаса да жер қойнауы игеріліп жатыр. Бұны білесіз бе? Жалпы, сотқа келесіз бе?», деді.

Журналистің айтуынша, министр бұндай құжатқа вице-министр немесе комитет төрағасы кезінде, 2020 жылы 4 ақпанда қол қойған. Оның айтып отырған зауыты – «Ақтас көмір» кәсіпорны. Ол жылына 120 мың тонна өнім өндіретін зауыт болуы керек еді.  Алайда журналист «Жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес, қандай да бір компания зауыт салғаннан кейін ғана жер қазуға лицензия ала алатынын айтады.

Бірақ Қарабаев бұл сөзді растамады. «Сұрағыңызға рақмет. Сіз бұл сұрақты маған осымен үшінші рет қойып отырсыз. Сұрағыңызды екінші рет қойғанда, есімде, сізге бәрін түсіндірген едім. Қазақстанда жер қойнауын пайдалану үшін лицензия берудің өз тәртібі бар. Яғни, қандай да бір компания сол жерді қазу үшін лицензия алады және оның мерзімі болады. Мысалы, алты жылға алса, алты жылдың ішінде ол міндеттемелерін толық орындау керек. Егер орындамаса мемлекет оның лицензиясын қайтарып алады. Сіз айтып тұрғандай, лицензия салынып біткен нысанға емес, болашақта салынатын нысанға да беріледі. Яғни, дәл осы зауытқа қатысты заң бұзылып отырған жоқ»,  деді министр.

Related posts

Сыртқы барлау қызметінің директоры тағайындалды

editor

АҚТӨБЕ: «ІСКЕРЛІК ЖУРНАЛИСТИКА: ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ»

editor

АНТАЛИЯДА HESTOUREX-2019 ТУРИЗМ КӨРМЕСІ ӨТЕДІ

ttjk