«Kyzdar.net» сайты әлі жұмыс істеп тұр

Атышулы «Kyzdar.net» сайты неге әлі бұғатталмаған. Бұған дейін интимдік қызмет ұсынатын интернет-ресурсты бұғаттау үшін жұмыс тобы құрылған болатын. Алайда атышулы сайт әлі жұмыс істеп тұр. Оның себебін түсіндірген Ішкі істер министрлігі  «Кыздар.нет» сайтының сілтемелерін бұғаттау бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігіне тұрақты түрде хат жолдап отыратынын мәлім етті. Алайда интернет-ресурс домендік атауларды, яғни сайтқа өтетін сілтемелерді жылдам өзгертіп, жаңартып тұратындықтан, ол әлі де қолжетімді. Бұл интернет-ресурс америкалық интернет-провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасқан. Мысалы, бүгін «Kyzdar.net» сілтемесі бұғатталса, ертесіне «Kyzdar2.net», «Kyzdar4.net» және тағы басқа сілтемелер жұмыс істеп тұрады деп түсіндірілген.

Былтыр наурыз айында ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсететіндердің анкеталарын сайтқа жариялауға көмектесетін 11 топ-менеджер ұсталғаны белгілі болған. Алайда сайттың топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. Оған заңнамадағы олқылықтар себеп болған. «Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 309-бабы «Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында тергеу органдары сол кездегі заңнамадағы олқылықтармен тап келуіне, дәлірек айтқанда осы бапта «жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау жолымен телекоммуникация желілерін, интернетті пайдалана отырып» жасалған жеңгетайлық деген ұғымның болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», — деді Ішкі істер министрлігі.

Министрлік мұндай проблема тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де кездесетінін атап өтті. Қазір қылмыстың көбі интернет арқылы жасалады және «онлайн-жеңгетайлық» қылмыстың жаңа түрлерінің бірі. Қазір Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Өзгерістер биыл 5 қыркүйекте күшіне енбек.

Сондай-ақ министрлік Kyzdar4.net сайтына ай сайын неше адам кіретінін анықтау мүмкін емес екенін айтады. Ал сайттағы ақша айналымы автоматтандырылған төлем жүйесі арқылы криптовалютамен жүргізілетін болып шықты.

Related posts

Түркиядағы теңіздерде серфингтік шытырман оқиғалар күтеді.

Назия Жоямергенқызы

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойымен құттықтады

editor

«THE ART OF STORYTELLING» ФЕСТИВАЛІ

Назия Жоямергенқызы