Туыстықты ту еткен түрік отбасы

Елімізде өтіп жатқан көшпенділер ойындарын тамашалау үшін Анкарадан автобуспен шыққан түрік отбасы Астанадағы Түркия елшілігінде болды.

Алыс жолдан келген қонақтар 5400 шақырым жол жүрген. Қазақ топырағына табан тірегелі түрік отбасына көрсетілген жергілікті халықтың ықыласы жоғары. Елордадан бұрын олар Қазақстанның түрлі қалаларында тоқтады. Шетелдік меймандар бұған дейін Ақтауда мен Ақтөбе облысында аялдап, алдымен саяхатшылар Байғанин ауданына, содан кейін Темір ауданы, Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы тұрғындарының қонақжайлылығына тәнті болды. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрімен танысты.

Бас қалаға табан тіреген түрік отбасын бірінші күні қала әкімдігі қарсы алып, қазаққа тән сый-сияпат көрсеткен. Әкімдік саяхатшыларға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына билеттер табыстады. Түрік отбасы 12-ші тамызда жолға шығып, Грузия, Ресей, Татарстан арқылы 21 күнде Астанаға жеткен. Идил мен Бурак 2 жасар ұлымен бірге Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көру үшін арнайы келген. Өздерінің айтуынша, «Көшпенді» деп аталатын шағын автобусты алыс сапарға арнайы жабдықтаған. Ерлі-зайыптылар көшпенділер ойынынан кейін саяхаттарын Өзбекстан, Қырғыз Республикасының жерінде жалғастырмақ.

Елордадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде түрік отбасы Астанадағы Түркия елшілігінің резиденциясында қонақ болды. «Астанаға жеткенімізге қатты қуанып тұрмыз. Ұлтым басқа болса да, қазақпен түбіміз бір туысқан халықпыз. Шынымды айтсам, Қазақстанға келгенде де көңіліміз алабұртып, көзімізге жас келді. Менің анам қырғыз. Қазақ халқының қонақжайлығы, көрсетіп жатқан ілтипаттарынан, үйімізде жүрген сияқтымыз. Саяхат барысында қазақ халқымен жақын танысып, қызықты уақыт өткізгіміз келеді», деді ағынан жарылған Идил Дуран. 

Ыстанбұл қаласының тұрғыны Бурак Дуран қазақтың кең даласынан өтіп бара жатқанда керемет әсер алғанын жеткізді. «Қазақ даласы өте үлкен. Табиғаттарыңыз бізге ұнады. Алайда бір қаладан келесі қалаға жетудің өзі ұзақ уақыт алды. Жасыратыны жоқ, жолда автобус сынып, өзге де қиындықтар болды. Бірақ жергілікті әкімдік жедел жетіп, қол ұшын созды. Қазақ халқының қонақжайлығын тағы да ерекше айтқым келеді, тіпті полицейлер де жәрдемін аямай, жол көрсетіп отырды», дейді түрік саяхатшысы.

Related posts

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ

ttjk

«Айтыс — поэзия жанрларының ішіндегі ең қиыны, күрделісі»

ttjk

18 мамыр Халықаралық мұражай күні. Түркияның бай мәдени мұрасын ашатын кез келді

ttjk